Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №54

2023 жылғы 23-29 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі, 24 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне 2 мәселе шығарылды – Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары және Орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы. Бірінші мәселені талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Кешенді жоспардың арқасында Абай облысында «Аягөз – Бақты – Қытай шекарасы» теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, «құрғақ» порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар да іске асырылғанын айтып өтті. Екінші мәселе бойынша Премьер-Министр су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.

  • Сол күні Премьер-Министр ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Отырысқа қатысушылар орта білім беруді жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруды, Ақтөбе, Қарағанды, Тараз, Риддер және Қонаев қалаларында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жөніндегі жоспарларды, сондай-ақ күре жолдарды реконструкциялау, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі бірқатар жобаны жалғастыру мәселелерін талқылады.

  • Одан кейін Әлихан Смайылов пен Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

  • Келесі күні Үкімет басшысы тау-кен металлургия компаниялары қызметінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Қатысушылар Қазақстан аумағындағы газ саласында Eurasian Resources Group-тың («Еуразиялық топ» ЖШС) жаңа инвестициялық жобаларын іске қосу жоспарларын, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын дамыту жобаларын талқылады. 

  • Сонымен қатар сәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Президент Әкімшілігі, Ұлттық банк және Бас прокуратура басшыларының қатысуымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Қатысушылар Президент алға қойған міндеттерге сәйкес әзірленген елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын қарады. Онда активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюға, оларды ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және т. б. бағытталған нормалар қарастырылған. 

  • 26 қаңтарда Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа мәжілісіне қатысты. Онда Қазақстанның одан әрі инновациялық-технологиялық дамуы жөніндегі шаралар талқыланды.

  • Сол күні Ә. Смайылов Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджадпен кездесу өткізді. Тараптар аграрлық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

  • 27 қаңтарда Үкімет басшысы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды. Осы сапарда Әлихан Смайылов әуежайдың жаңа терминалының құрылысымен танысты, жаңа зауытты іске қосу рәсіміне қатысты, бірқатар өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысанның жұмысымен танысты.

  • Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министр қала активімен кеңес өткізді, онда жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау және т. б. бірқатар мәселелер қаралды.

  • Сенбі, 28 қаңтарда, Үкімет басшысы Цифрлық кеңседе су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл бағытта тиісті іс-шараларды жедел үйлестіру үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы Үкіметтік комиссия жұмысын бастайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу