Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №65

2023 жылғы 10-16 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 10 сәуірде Астанаға Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

  • Сәрсенбі, 12 сәуір күні Ақордада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруын тапсырды.

  • Сейсенбі, Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды. Биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады.

  • 13 сәуірде Премьер-Министр Шымкент қаласын дамытудың өзекті мәселелері және осы жылдың 27 қаңтарында мегаполиске жұмыс сапары аясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте тұрғын үй, автожол, индустриялық аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын салу, коммуналдық шаруашылықты реконструкциялау т. б. мәселелер қаралды. 

  • 14 сәуірде Әлихан Смайлов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі және т. б. ведомство басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Уәкілетті мемлекеттік органдарға «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС компаниясымен МЖӘ келісімшартын республика заңнамасының нормаларын сақтау, оның ішінде монополияға қарсы реттеу тұрғысынан талдау тапсырылды. 

  • Сол күні орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен өткен кеңесте орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

  • Жұма, 14 сәуірде Әлихан Смайылов Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды. Премьер-Министр ірі коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен, автожол инфрақұрылымын жаңғырту барысымен және Жезқазған қаласын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен танысты. Сонымен қатар Әлихан Смайылов бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралап, Анненск мыс кенішінің шахтерлерімен және Сәтбаев қаласындағы Орталық аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.

  • Үкімет басшысы сапар соңында орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу