Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №66

2023 жылғы 17-23 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Премьер-Министр Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте баяндама жасады. Әлихан Смайылов Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрағанын баяндады, бағаны тұрақтандыру Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеттерінің бірі екенін баса айтты. Үкімет басшысы биыл экономикаға 18,3 трлн теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарланып отырғанын, Үкіметтің жанар-жағармай өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспарлары мен ел тұрғындарын электр және жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар туралы айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамыту, тұрғын үй, көлік және туризм инфрақұрылымды жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы баяндады. 

Дүйсенбі, 17 сәуірде Премьер-Министр Алматы және Алматы агломерациясын одан әрі дамыту жөніндегі кеңес өткізді. Талқылау барысында 2030 жылға дейінгі бас жоспарды әзірлеу, сондай-ақ қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, ауқымды сейсмоаудит жүргізу туралы баяндама жасалды.

21 сәуірде жұма күні Әлихан Смайылов тау-кен металлургия кешені мен газ саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңеске қатысушылар перспективалы газ және газ конденсаты кен орындарын игеру, өнеркәсіптік кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз ету шаралары, шикізатты тасымалдау үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді қарады. 

Жұма күні Премьер-Министр жұмыс сапарымен Абай облысына барды, онда бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындардың жұмысын тексерді, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады, өңірдің шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңеске қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу