Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №72

2023 жылғы 29 мамыр мен 4 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 29 мамыр, дүйсенбіде Үкіметте орталық мемлекеттік органдар мен облыстық әкімдік басшылығының қатысуымен өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Ұлытау өңіріне 14 сәуірде жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Әлихан Смайылов Ұлытау облысының әкімдігі 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

  • 30 мамыр, сейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет кеңесінде газ саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр құзырлы мемлекеттік органдар мен мүдделі ұлттық компанияларға саланы дамыту шараларының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Сейсенбі күні Үкіметтің кезекті отырысы өтті, онда азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту шаралары және адамның иммун тапшылығы вирусына қатысты қазіргі ахуалы қаралды. Бірінші мәселе бойынша Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер телімдерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды. Екінші мәселе бойынша вирус жұқтырған және тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту керек. Аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. Үкімет басшысының айтуынша, қауіпті вируспен өмір сүретін адамдарға қоғамның көзқарасын жақсарту қажет.

  • 30 мамырда Үкіметте Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі жобаларын жүзеге асыру бойынша шаралар талқыланды. Атап айтқанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың 21 сәуірде аймаққа жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Әлихан Смайылов министрліктер мен облыс әкімдігі ең өзекті жобалар мен бастамаларға басымдық бере отырып, бірлескен іс-шараларды кезең-кезеңімен мұқият жоспарлауы қажеттігін атап өтті.

  • 31 мамыр, сәрсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен БАӘ-нің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики өзара сауда көлемін ұлғайту және энергетика, көлік, логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

  • Бейсенбі, 1 маусымда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен, орталық мемлекеттік органдар, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктері, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволар басшылары қатысқан кеңесте республикадағы ірі сауда орны – «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

  • Бейсенбі, 1 маусымда, Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барды. Үкімет басшысы осында тұратын балалармен тілдесіп, олардың тұрмысы мен оқу жағдаймен танысты. Премьер-Министрге оқу кабинеттері, ойын алаңы, жатын бөлмелер мен асхана көрсетілді, сондай-ақ балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар және оларды мектептен кейінгі қолдау шаралары туралы айтылды.

  • Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП қолдауымен орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді. Іс-шараға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері қатысты. Премьер-Министр Үкімет орта кәсіпкерлікті дамыту мен кеңейту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті. Бүгінде сіздердің өңірлеріңізде тек 517 орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – орта бизнесті құру, дамыту, кеңейту әлеуеті толық пайдаланылмай, ол экономиканы әртараптандыруға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал ете алмай жатқанын көрсетеді.

  • 2 маусым, жұма күні Үкіметте өткен кеңесте газ-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы талқыланды. Бұл мәселе бойынша соңғы инвестициялық шешім 2024 жылы қабылдануға тиіс.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдерінің және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Ақтөбе-Мақат және Алматы-Қорғас автожолдарын күрделі жөндеу, ирригациялық және су бұру жүйелерін жаңғырту мәселелері, сондай-ақ әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасының ипотекалық несие беру шарттары қарастырылды.

  • Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Марос Шефчович Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан Еуропалық Одақпен инвестициялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі. Сонымен қатар соңғы жылдары аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де өзекті болып отыр.

  • 3 маусым, сенбі күні Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Республикалық штаб отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы ӘМАТ бағасын тежеу жөніндегі жаңа алгоритімін толыққанды іске асыруды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім-шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды жою жұмыстарының сапасын арттыруды және сауда үстемелеріне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу