Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №73

2023 жылғы 5-11 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 6 маусымда, Үкімет отырысы өтті. Бірінші мәселе ретінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Мәселен, биыл жалпы егіс алқабы 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға артық, оның ішінде жаздық егіс алқабы 20,9 млн гектарға жетті. Екінші болып су қоймаларындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Ә. Смайылов шомылуға арналған ресми орындарды белгілеуді, су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелерінің, суға батып бара жатқан адамға алғашқы көмек көрсетудің негізгі талаптарын азаматтарға жеткізуді, суару каналдары мен арықтарды қоршауды және т.б. тапсырды.

  • Сол күні Премьер-Министр Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю ДеЛеонемен кездесіп, Қазақстандағы компания қызметін кеңейту мәселелерін талқылады. Alstom компаниясы бүкіл республика бойынша өзінің қызмет көрсету орталықтарын құру үшін тағы 50-100 млн еуро инвестиция құюды қарастырып жатыр.

  • Одан кейін Әлихан Смайылов Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланшемен келіссөз жүргізді. Тараптар ағымдағы ахуалды және ел экономикасының нақты, бюджеттік, қаржы секторларын дамыту жөніндегі шараларды, Қазақстанның орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатының басымдықтарын, Мемлекет басшысы жариялаған құрылымдық реформаларды жүргізуді, сондай-ақ климаттың өзгеруінен болатын зардаптарды жоюға бағытталған шараларды егжей-тегжейлі талқылады.

  • 7-9 маусым аралығында Әлихан Смайылов Ресейдің Сочи қаласына жұмыс сапарымен барды.

  • Бірінші күні Әлихан Смайылов Сочиде өткен ЕҮАК отырысына қатысты. Шағын құрамда өткен отырыста Арменияның Үкімет басшысы Н. Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Р. Головченко, Қырғызстанның Үкімет басшысы А. Жапаров және Ресей Премьер-Министрі М. Мишустиннің қатысуымен ЕАЭО аясындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

  • Келесі күні Премьер-Министр ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Шағын құрамда өткен кездесуде тараптар ТМД-дағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді талқылады. Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Достастық елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. 

  • «Сириус» ғылым және өнер паркінің аумағында өткен «Еуразия – біздің үй» халықаралық көрмесіне Ә. Смайылов және басқа да Премьер-Министрлер де қатысты. Көрмеде ЕАЭО елдері арасындағы экономиканың барлық саласындағы кооперациялық жобалар ұсынылған. Шараға Қазақстаннан теміржол дөңгелектерін шығаратын «Проммашкомплект» компаниясы, ауыл шаруашылығы және мамандандырылған техникалар өндіретін «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы», биотехнологиялық препараттар өндіретін «Қарағанды фармацевтикалық кешені» қатысты.

  • Бейсенбі, 8 маусымда, Сочи қаласында (РФ) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Отырыста ЕАЭО-дағы өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Олардың қатарында сауда-саттықтағы кедергілерді жою, теміржол көлігімен жүк тасымалдауды цифрландыру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар жоспарын орындау, «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту, теңіздегі өткізу бекеттерінде электрондық құжат айналымын енгізу, Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер енгізу және т.б. мәселелер қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.

  • ЕҮАК алаңында Қазақстан Премьер-Министрі Ә. Смайылов пен Ресейдің Үкімет басшысы М. Мишустиннің кездесуі өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық өзара іс-қимыл, өнеркәсіптік кооперация және т. б. мәселелерді талқылады.

  • Сол жерде Әлихан Смайылов Кубаның Премьер-Министрі Мануэль Марреро Круспен келіссөз жүргізді. Тараптар экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар Куба металлургия және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытты.

  • Премьер-Министр Әлихан Смайылов ТМД және ЕАЭО елдері үкімет басшыларының РФ Президенті Владимир Путинмен ұжымдық кездесуіне қатысты.

  • Сенбі, 10 маусымда, Үкіметте Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою мәселелері бойынша кеңес өтті. Қабылданып жатқан шаралар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова баяндама жасады.

  • Сондай-ақ осы күні Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымына жаңа басшы – Сырым Шәріпхановты таныстырды.

  • 11 маусымда Әлихан Смайылов көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың қайтыс болуына байланысты Алматыда өтіп жатқан аза тұту шараларына қатысты. Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу