Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №74

2023 жылғы 12-18 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 12 маусым күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды. 
  • Сейсенбі, 13 маусымда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысындағы ірі табиғи өрттің жағдайы, сондай-ақ 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы және мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Премьер-Министр өртті өршімей тұрып, басталған сәтте сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керектігін айтты – өрттің таралуына жол бермеу үшін күштер мен құралдарды мүмкіндігінше жедел жіберіп отыру керек екенін айтты. Осыған байланысты елдің ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарын өртті ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың табиғи өрттерге қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауды тапсырылды. Екінші мәселені қарау шеңберінде Премьер-Министр қаржылық тәртіпті күшейту маңызды екенін атап өтті, ең үлкен әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет параметрлерінің сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Үшінші мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды
  • 16 маусым, жұма күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысу үшін Өскемен қаласына барды. Премьер-Министр депутаттарға Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Ермек Көшербаев пен Дархан Сапановтың кандидатураларын қарауға ұсыну туралы хатын оқып берді. Олардың әрқайсысының осы жауапты қызметті атқаруы үшін жеткілікті жұмыс тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігі атап өтілді. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутат Е. Көшербаевтың кандидатурасын қолдады, 36 депутат Д. Сапановқа дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 153 депутат қатысты.
  • Сенбі күні, 17 маусымда Үкіметте кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу және бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу