Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №76

2023 жылғы 26 маусым мен 2 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 27 маусымда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы және Әлеуметтік кодекстің нормаларын іске асыру мәселелері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Әлихан Исмаилов Премьер-Министр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ол Жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауды талап етті. Екінші мәселе бойынша Премьер-Министр жәрдемақыларды арттыруды, олардың уақытылы әрі толық көлемде тағайындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

  • Бейсенбі, 29 маусымда Қазақстан су кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қатысушылар су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша құзырлы органның және бассейндік инспекциялардың тиімділігін арттыру, тиісті мамандарды даярлау және жалпы су дипломатиясын нығайту мәселелерін қарастырды. 

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Астанада өткен «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумына қатысты. Үкімет басшысы бүгінгі таңда республика экономикасы сыртқы келеңсіздіктерге бейімделіп, тұрақты даму жолына түскенін атап өтті. Әлихан Смайылов азаматтардың табысын арттыру, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер салу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шаралары сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау және мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларында жаңа жобаларды іске асыру барысы туралы айтты.

  • 30 маусым, жұма күні Астанада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдардың басшылары және дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 12-ші отырысы өтті.

  • Әлихан Смайылов Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ағымдағы өзекті мәселелер талқыланды. Премьер-Министр ЕАДБ өткен жылы ауқымды жұмыс атқарғанын баса айтты. Осы ретте даму жобаларын одан әрі жүзеге асыру барысында тәуекелдерді басқаруға және Банктің кредиттік рейтингін сақтауға ерекше назар аудару қажет.

  • 1 шілдеде, сенбі күні Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте көлік, байланыс және отын-энергетика кешендеріндегі бәсекелестікті дамыту шаралары қаралды. Кеңес барысында Премьер-Министр энергетикалық көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

  • Сол күні орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу