Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №78

2023 жылғы 10-16 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі, 11 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

  • Сәрсенбі, 12 шілде күні Үкіметтің кезекті отырысында биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы және алықты өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру мәселесі қаралды.

  • Бірінші мәселені қарау барысында Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5%-ға өсуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты, бұл халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал ететін факторға айналады. Осыған байланысты ол экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті. Екінші мәселе бойынша Әлихан Смайылов биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өсетінін атап өтті. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сөз соңында Үкімет басшысы ҚМ-ге ҚМА-мен бірлесіп, коммуналдық кәсіпорындар мен станциялардың инвестициялық бағдарламаларды тиісті түрде орындауын бақылауды қамтамасыз етуді, Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды. Үшінші мәселені қарау шеңберінде Премьер-Министр жергілікті жұмыспен қамту органдары «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ тұрақты және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа тұру мүмкіндігі, қайта білім алу, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант немесе шағын несиені қалай алуға болатыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

  • Бейсенбі, 13 шілдеде Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) орын алған апаттардың себептерін тексеру жұмыстарының барысы қаралды. Премьер-Министр орын алған апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

  • Үкімет отырысында еліміздің оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Сонымен қатар Әлихан Смайылов суды ысырап етпей, жалпы АӨК-ке су үнемдеу технологияларын енгізу үшін еліміздегі гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау, жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

  • Дүйсенбі, 10 шілдеде ҚР Премьер-Министрі XIII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысу үшін Екатеринбург қаласына (РФ) жұмыс сапарымен барды. Көрмеге 250 компания мен мыңға жуық адамнан құралған қазақстандық делегация қатысуда, бұл қазақстандық бизнестің бірлескен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Үкімет басшысы, ең алдымен, қаладағы Қазақстанның Бас консулдығының ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінің «Тұрақты өндіріс. Жаңарту стратегиялары» атты негізгі стратегиялық сессиясына қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу