Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №81

2023 жылғы 31 шілде мен 6 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 31 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Премьер-Министр жаңа жүйені әзірлеуді «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтармен тығыз ынтымақтастықта жалғастыру керектігін атап өтті.

  • Сейсенбі, 1 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті бес жылдық Кешенді жоспар әзірленіп жатқанын еске салды. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды. Үкімет басшысы өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.

  • 1 тамызда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Кездесу Алматы қаласында өтті. Осы жылдың 6 айында өзара сауда көлемі шамамен 30%-ға өсіп, $190 млн-ды құрады.

  • Жұма, 4 тамызда, Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесуі өтті. Бұл жолы кездесуге Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау өңірлерінің кәсіпкерлері қатысты. 

  • Сенбі, 5 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралды. Әлихан Смайылов тұрғындарды үйлеріне тезірек қайтару үшін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді, өртке қарсы талаптарды сақтау бойынша жаңа көпқабатты үйлерге тексеру жүргізуді, сондай-ақ республика бойынша ТЖМ бөлімшелерінде жыл сайын техника жаңарту кезінде биік ғимараттарда жұмыс істеу үшін арнайы техника қажеттілігін ескеруді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу