20 Тамыз 2023, 11:26
2023 жылғы 14-20 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанадағы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары (ГЖС) мен 3-ЖЭО құрылысының барысымен танысты. Жалпы жаңа ГЖС-ның артықшылығы – табиғи газды және дизельді үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Оларды іске қосу астаналықтар үшін жылу профицитін береді.
Сейсенбі, 15 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды. 1 қыркүйектен бастап Қазақстандағы бастауыш сынып оқушыларының барлығы мектепте тегін тамақпен қамтылмақ.
16 тамызда Астанада Әлихан Смайылов Башқұртстанның үкіметтік делегациясымен кездесті. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы шамамен $382 млн-ды құрады.
17 тамызда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте батыс өңірін, атап айтқанда, Маңғыстау облысын электрмен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Әлихан Смайылов өңір үшін қажетті жобаларды іске асыруды жеделдетуді талап етті.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында орын алған жағдай бойынша кеңес өткізді. Премьер-Министр «Қазақстан» шахтасындағы апаттың себептерін жан-жақты тексеру үшін комиссияның жұмысын сапалы қамтамасыз етуді және зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.
Сенбі, 19 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.
АМТ-да қызмет етудің барлық кезеңінде жұмысшылар үшін қауіпсіздік тиісті деңгейде жасалмай, басты назар тек пайда табуға аударылды. Бұл туралы Шахтинск қаласында өткен кеңестің қорытындысы бойынша Премьер-Министр мәлімдеді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу