Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №86

2023 жылғы 4-10 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 6 қыркүйек, сәрсенбі, ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бұл Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы екенін атап өтті. Осыған орай күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау алдында Үкіметтің жаңа мүшелерінің ант беру рәсімі өтті.

  • 4 қыркүйек, дүйсенбі, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У сауда-экономикалық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады. Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6%-дан астамы Шаньдунға тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өз өнімдерін Қытай нарығына одан әрі ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыруға мүдделі.

  • 5 қыркүйек, сейсенбі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысу үшін Тараз қаласына барды. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі қызметіне Нұрбол Жүнісбеков пен Ербол Қарашөкеевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 47 депутат Н. Жүнісбековтің кандидатурасын қолдап, 142 депутат Е. Қарашөкеевке дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 189 депутат қатысты.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Шымкентке барып, қалалық мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Жиын барысында депутаттарға қала әкімі лауазымына екі үміткер таныстырылды. Ашық дауыс беру нәтижесінде 10 депутат Р. Мыңбаевқа дауыс берді, 19 депутат Ғ.Сыздықбековтің кандидатурасын қолдады. Жиналысқа барлығы 29 депутат қатысты.

  • 6 қыркүйек, сәрсенбі, Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесті. Тараптар машина жасау, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектор, білім беру және басқа да салалар бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

  • Әлихан Смайылов республиканың мұнай-газ саласы ардагерлерінің қатысуымен Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі. NCOC басшылары мен жауапты қызметкерлері, жоба ардагерлері ІІ дәрежелі «Парасат», «Құрмет», «Достық», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

  • 7 қыркүйек, бейсенбі, ҚР Премьер-Министрі ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Отырыста Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жалпы ауданы 105 мың гектардан асатын ирригациялық және дренаждық жүйелерді салу мен реконструкциялау, сондай-ақ 1 500 ауылдық елді мекенді жылдам интернетке қосудың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл шамамен 200 мың үй шаруашылығын немесе 1 млн-нан астам адамды қамтиды.

  • 8 қыркүейек, жұма, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Sinopec компаниясының президенті Юй Баоцай мұнай-газ саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Үкімет басшысы Sinopec компаниясының тікелей қатысуымен елімізде бірқатар маңызды жобаның жүзеге асқанын, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялауды атап өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі North Caspian Operating Company N.V. басқарушы директоры Оливье Лазардың қатысуымен Қашаған консорциумына акционер компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде Консорциум қызметіндегі өзекті мәселелер, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және республиканың табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы талқыланды.

  • Сенбі, 9 қыркүейк, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу