Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №88

2023 жылғы 18-24 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 18 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 8 ай ішінде негізгі капиталға инвестициялар тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды. Әлихан Смайылов инвестиция тартудағы кемшіліктерге қатысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алып, инвестициялар тарту жөніндегі жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалғанын атап өтті.

  • Сейсенбі, 19 қыркүйек күні ҚР Үкіметінің отырысында егін жинау науқанына қатысты өзекті мәселелер, жаңа Бюджет кодексінің жобасы және алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды. Премьер-Министр астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлуді қамтамасыз етуді, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Әлихан Смайылов жаңа Бюджет кодексі мемлекеттің барлық қаржылық ағынын шоғырландыруды қамтамасыз ететінін атап өтті. Құжатты ҚР Парламентіне енгізілуі тапсырылды. Премьер-Министр әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға жылу беру маусымына дайындық шараларына қатысты кемшіліктерді жоюға екі апта мерзім берді.

  • Сейсенбі, 19 қыркүйек күні Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрінің 10 тамызда Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Күн тәртібінде жаңа нысандар салу, инфрақұрылымды жаңғырту және экологияны қорғау шаралары талқыланды.

  • Сәрсенбі, 20 қыркүйекте Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Онда мұнай өндіру және тасымалдау, денсаулық сақтау және теміржол инфрақұрылымын пайдалану салаларында монополияға қарсы шараларды қабылдау мәселелері талқыланды. Талқылау қорытындысына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға белгіленген бағалардың негізділігіне талдау жасау тапсырылды.

  • Бейсенбі, 21 қыркүйек күні ҚР Премьер-Министрі Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесті. Қазақстан ЕАДБ-ден тартылған инвестициялар көлемі бойынша көш бастап тұр. Түрлі салаларда $5,6 млрд-қа 104 жоба іске асырылды. ЕАДБ-ның елге салған инвестициялары көлемінің қарқыны артып, жоспардан 70%-ға артық болуы мүмкін.

  • Жұма, 22 қыркүйекте Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында елімізде орман өрттерін ерте анықтау жүйесі мен Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасын іске қосу мәселелері қаралды. Премьер-Министр балабақшаға кезекке қою және кезекті жылжыту үдерісін толық цифрландыру оның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

  • Сенбі, 23 қыркүйек күні қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысына қатысты. Негізгі тақырыптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, суды пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіп пен АӨК-те кооперациялық жобаларды іске асыру, республикалардың транзиттік-көлік әлеуетін дамыту, туризм және мәдениет салаларындағы бірлескен бастамалар болды. Сол күні Әлихан Смайылов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I Өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі. Форум қорытындысына сәйкес тараптар $65 млн-нан астам сома көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу