Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №95

2023 жылғы 6-12 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 7 қараша, сейсенбі, ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстандағы егін жинау науқанының аяқталу барысы қаралды. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га болған кезде 16,9 млн га (98,7%) астық жиналды, бастапқы салмақта 16,4 млн тонна, оның ішінде 11,4 млн тонна бидай бастырылды. Премьер-Министр өткен жылдан артылып қалған астықты ескере отырып, жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті екенін атап өтті.

  • Сонымен қатар отырыста Министрлер кабинетінің 2024 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы қаралды. Әлихан Смайыловтың айтуынша, келесі жылы Үкімет 16 заң жобасын әзірлеуді көздеп отыр, оның сегізі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ Парламентке 4 жеке заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.

  • 8 қараша, сәрсенбіде, Үкімет 5G технологиясын енгізу және шалғайдағы елді мекендердегі мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығында 5G желісін енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін еске салды. Оған қоса Премьер-Министр ауыл мектептері үшін оқу бағдарламаларын дамытуға назар аудару қажет екенін атап өтті.

  • 9 қараша, бейсенбі, ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Іс-шара қарсаңында Ташкентте Әлихан Смайылов Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Тараптар стратегиялық әріптестіктің басым бағыттарын талқылады. Үкімет басшысы екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын атап өтті. Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық келісімдер жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

  • Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммитіне қатысу аясында Қазақстан Премьер-Министрі ЭЫҰ әлемнің маңызды стратегиялық өңірін табиғи ресурстардың орасан зор қорларымен біріктіретінін мәлімдеді. Ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттарының бірі өңіраралық сауданы ынталандыру болуға тиіс. Әлихан Смайылов әкімшілік кедергілерді жою және көлік-логистикалық жүйелердің интеграциясын тереңдету бойынша бірлескен жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

  • 10 қараша, жұма, Премьер-Министр IV Азия Пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті. Жарыста біздің еліміздің атынан 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысты. Республика құрамасы 41 медаль жеңіп алды – 8 алтын, 12 күміс және 21 қола. Медальдар есебінде Қазақстан 44 ел арасында 11-орынға ие болды. Әлихан Смайылов жеңімпаздарға, жүлдегерлерге және оларды дайындаған жаттықтырушыларға Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Президенттің Алғыс хатымен Қазақстанның дзюдо паралимпиадалық федерациясы да марапатталды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу