Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №96

2023 жылғы 13-19 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

 

  • Сейсенбі, 14 қарашада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов Сауд Арабиясының инвесторларымен жұмысты барлық деңгейде жандандыру қажеттігін, атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жиддадағы дипломатиялық өкілдігі, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар белсенді позицияны ұстануы, сондай-ақ әлеуетті жобалар пулын мұқият зерделеу қажет екенін атап өтті.
  • 14 қарашада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы облысында теміржол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты. Онда Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды. Елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуда маңызы зор инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып отыр. 
  • Сәрсенбі, 15 қараша күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті.
  • Бейсенбі, 16 қараша күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумы аясында отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары туралы айтты. Ауқымды іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттарға қол қойды.
  • Жұма күні, 17 қарашада Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте көлік саласын дамытудың кең ауқымды өзекті мәселелері талқыланды.
  • 17 қараша күні Әлихан Смайылов әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларын, қаржы секторының өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшылардың басын қосатын VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстелге (Kazakhstan Global Investment Roundtable) қатысты. KGIR аясында үздік шетелдік инвесторларды марапаттау және Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттарға қол қою рәсімдері өтті. Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Pfizer, Lasselsberger Group және Al Rajhi International for Investment (RAII) компанияларының өкілдерімен кездесті.
  • Сенбі, 18 қараша күні Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың 6 қазанда Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын орындауға қатысты шаралар қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу