25 Мамыр 2018, 10:59
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай қаласында бірқатар нысанды аралады: «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке құрылыс салушылар салған «Алтын Арман» жаңа тұрғын үй кешені, «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы. Кәсіпкерлік қызмет туралы заң аясындағы бизнестің жаңа мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Алғашқы нысанды аралау барысында облыс әкімінің орынбасары С. Карплюк Премьер-Министрге өңірдегі тұрғын үй құрылысы барысы туралы, облыстың тұрғындарын қолжетімді тұрғын үй және әлеуметтік маңыздағы нысандармен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы 36%-ке артқан. 2,5 мыңнан астам отбасы пәтерге ие болды. Биыл өңірде 97,1 мың м² немесе 1548 пәтер пайдалануға беріледі.
Жыл басынан бері облыста 735 тұрғын үй салынды, оның ішінде 172 — жеке тұрғын үй, 92,3 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілді. 9 гектар аумақты құрайтын жаңа шағын ауданда 14 үй немесе 1875 пәтер салынған. «БК-Строй» ЖШС директоры И. Ким барлық көп пәтерлі тұрғын үйлер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын айтты: «Жиынтықты бейнебақылау» камералары орнатылған, олар үйлердің тұрғындарына өздерінің смартфондары немесе компьютерлері арқылы камерадағы жазбаларды онлайн режимде қарауға немесе жеті күннің мұрағатын көруге мүмкіндік береді.
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, жалпы алғанда республика бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші жылы жақсы нәтижелер берді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 11,2 млн м² тұрғын үй пайдалануға берілді. 100,8 мыңнан астам отбасы өздерінің үй-жай жағдайларын жақсартты, оның ішінде 25,2 мың отбасына мемлекеттік қаражат есебінен салынған. 2018 жылы 12,1 млн м² тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы жылдың 4 айында 3,6 млн м² немесе 31442 үй пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында тұрғын үй нарығын дамыту және көпшілікке тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар әзірленген, оның ішінде «7-20-25» жаңа бағдарламасы, мемлекеттік субсидиялар есебінен ипотекалық несиелерді арзандату, «Даму» АҚ субсидиялары есебінен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру.
Екінші нысан — кондитер фабрикасына барған кезде Премьер-Министр азық-түлік өнеркәсібін технологиялық жаңғырту қарқынымен танысты. 2017 жылы Кәсіпкерлікке қолдау көрсету картасы аясында кәсіпорында екі жаңа өндірістік желі іске қосылды. Биыл кәмпит өндірісі бойынша инновациялық технологияларды қолданумен жаңа жабдықты іске қосу көзделген.
Кәсіпорын басшысы Т. Садықов одан әрі дамыту стратегиясы, соның ішінде қойытылған сүт өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлары туралы баяндады.
Анықтама: Бүгінгі таңда «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасында шығарылатын өнімдердің сұрыптамасы 300-ден астам кондитерлік өнімді қамтиды. Өнімдер Ресей Федерациясына, Германияға, Қытайға, Грузияға, Әзербайжанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Түркіменстанға экспортталады. 2017 жылы экспорт көлемі жалпы 8,8 млрд теңге сомасына орындалып, 18 тоннадан асты.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аралау барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев КҚКО толықформатты жұмысымен және «Бастау Бизнес» ҰКП бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен танысты. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында сервистік қызметтердің сегіз түрі бойынша қызмет көрсетіледі. 2017 жылы КҚКО 996 клиентке 1401 қызмет көрсетті. Көп сұралатын қызметтер бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге қатысты, қызметтердің бұл түрі клиенттердің 23%-ін құрайды. 2018 жылы Орталық 370 бірегей клиентке 442 қызмет көрсеткен.
Атқарылған шаралардың қорытындылары бойынша есеп беру кезінде өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры М. Әбенов 2017 жылы «Бизнес мектебі» аясында 1337 адам білім алғанын мәлімдеді. 2018 жылы «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқыту басталды. Бүгінгі таңда 530 адам білім алған. Оқудан өткендердің 279 өз бизнестерін ашқан, 172-і — жалпы сомасы 473 млн теңгеге несиелер алған. Жобалық оқытудың қорытындысы бойынша 56,9 млн теңгеге 20 жоба іске асырылған.
Сонымен бірге, мұнда Бақытжан Сағынтаев «Бастау Бизнес» бағдарламасының түлектерімен кездесу өткізді, онда жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария түрде қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңның негізгі ережелері талқыланды. Бiтiрушiлер, өз кезегiнде, кәсiпкерлiк қызметтi құқықтық реттеудi заңнамалық тұрғыдан жақсарту мен әкiмшiлiк жүктеменi төмендету жаңадан бастаушы кәсiпкерлер үшiн қосымша мүмкiндiктер беретінін атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу