19 Маусым 2018, 09:18
Бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасы жаңа бағдарламадан несімен ерекшеленетіні туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қайырбек Өскенбаев мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы Үкімет отырысында мемлекеттік статусымен қайта бекітілгенін атап өтті. Осыған дейін салалық болған бағдарламаның іске асырылуына Инвестициялар және даму министрлігі жауапты еді.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» біріншісін іске асыруға және «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізуге байланысты ол енді мемлекеттік бағдарлама болды.
Жалпы, қабылданған шаралар жыл сайын тұрғын үйді енгізу көлемінің өсім динамикасын 8% немесе жылына 8 мыңнан астам тұрғын үйге қамтамасыз етуге және 2030 ж. қарай тұрғын үймен қамту көрсеткішін бір адамға шаққанда 30 м² дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Мәселен, 2019 ж. бастап сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жыл сайын 10 млрд теңгеге арттырылып отырады. Тағы мыңға жуық азамат жылына қосымша әлеуметтік тұрғын үйлерге ие болады. Артып келе жатқан құрылыс қарқынын қамтамасыз ету үшін құрылыс алаңдарын инженерлік желілермен жарақтауды қаржыландыруды 20 млрд теңгеге арттыру қарастырылып отыр.
Несиеге берілетін тұрғын үйді тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына ғана емес, екінші деңгейлі банктердің салымшыларына да сату көзделген. Мұндай шарттар бағасы қолжетімді болғандықтан, «7–20–25» ипотекалық бағдарламасының дамуына зор серпін береді.
«Біз "Нұрлы жер" бағдарламасын "7–20–25" президенттік ипотекалық несиелендіру бағдарламасын ескере отырып, түзеттік. Біздің міндетіміз – оған қатысушылардың барлығын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету», — деді Қ. Өскенбаев.
Еске салайық, бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру және өзектілендіру туралы мәселе қаралды.
Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу