17 Шілде 2018, 09:44
Бүгін сапар барысында Елбасы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу мәселелеріне арналған кеңеске қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаев «GiessenHaus» ЖШС барды, онда балқытылған алюминий және жеңіл қорытылатын автомобиль дискілерін өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.
Бұдан өзге, Қазақстан Президентіне «Павлодар» еркін экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар жөнінде баяндалды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа дайын өнім үлгілері, атап айтқанда, жылыту радиаторлары, автомобильдердің қосалқы бөлшектері, темір жол вагондарының дөңгелектері көрсетілді.
Екінші нысан «Казэнергокабель» АҚ болды. Мұнда Мемлекет басшысы тоқ өткізетін кабель жасау технологиясымен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты.
Қазақстан Президентіне ішкі және шетелдік нарыққа шығарылатын дайын өнім үлгілері де көрсетілді.
Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Қазақстанды индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған Павлодар мұнай химиясы зауытының жұмысымен танысты.
Қазақстан Президентіне жаңарту жұмыстары зауыттың шикі мұнайды қайта өңдеу өнімділігін арттыруға, өнім сапасын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жеткізуге мүмкіндік бергені жөнінде мәлімделді. Изомеризациялаудың жаңа автоматтандырылған кешендері және орталық басқару пункті арқылы басқарылатын күкірт өндіретін қондырғылар салынды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуына байланысты дайын өнім көлемін молайту үшін әрі оны ішкі және шетелдік нарықтарға шығару үшін халықаралық стандарттарға сай келетін мұнайдың қайта өңделуін мейлінше жақсартуды қолға алу қажеттігін айтты.
Елбасы Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың жаңартылғанына қарамастан, төртінші зауыт салу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті зауыттың жас жұмысшыларымен әңгімелесу барысында Павлодар мұнай химиясы зауыты Кеңес Одағы кезінде салынған зауыттардың соңғысы екенін айтып, оның сол уақыттағы ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталғанына тоқталды.
«Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрландыру ісі қолға алынып, жаңа технологиялар енгізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіздердің де табыстарыңыз молая түспек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қолдануға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.
Бұдан өзге, Елбасы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстан Президенті облыс басшылығының нақты жұмыс атқарып жатқанын және өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын айтты.
«Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50% өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Павлодар облысының географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған облыстарымен шектесетініне назар аударды.
«Бұл облыстың өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор», — деді Елбасы.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Астана мен Павлодарды бірінші санатты автобан жалғап жатыр. Енді, жол жүру уақыты бес-алты сағат емес, үш сағатқа созылады. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірдің кәсіпкерлеріне арналған сөзінде шикізатты қайта өңдеуді мейлінше жақсарту және бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелеріне назар аударды.
«Мен бүгін алюминий өндіретін, тоқ өткізгіш кабель жасайтын компаниялардың және басқа да кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Міне, осы іске инвестиция тартып, күш жұмылдыру керек», — деді Елбасы.
Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өнімі алғаш рет 2 трлн теңгеден асып, 3,6% жетті. Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,6% артты. Облыс кәсіпорындарындағы өндіріс үдерістерін цифрландыру жөніндегі Сіздің тапсырмаңыз орындалуда. Технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау ісіне 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды», — деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысы жиын қорытындысы бойынша өндіріске халықаралық «Экспо-2017» мамандандырылған көрмесінде көрсетілген «жасыл» технологияларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекарааралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә. Жақсыбеков, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы А. Машкевич, «Проммашкомплект» ЖШС-і директорлар кеңесінің төрағасы Д. Сыздықов, «Стальмонтаж» ЖШС-нің бас директоры А. Терентьев, «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры О. Крук және басқа да азаматтар қатысты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық біріккен әмбебап ғылыми кітапхананың жұмысымен де танысты. Онда мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған арнайы жабдықтар, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру жобалары, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің көрме залы көрсетілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу