Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Атырау облысында болды

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында Атырау облысының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарын аралады, сондай-ақ, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Елбасы «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Дәулет» жеке индустриялық аймағында болды. Мемлекет басшысы нан және макарон өнімдерін шығару жөніндегі цехты аралап көріп, осы жерде өндірілетін дайын өнім үлгілерімен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау облысындағы инвестициялық жобалар көрсетілді. Атап айтқанда, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр станциясы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.

«Дәулет» жеке индустриялық аймағы – көп салалы заманауи кәсіпорын. Оның құрамында нан және кондитерлік өнімдер өндіретін «Дәулет Нан» зауыты, ауыз су дайындайтын цех, «Райхан» шаруа қожалығы, макарон өнімдерін өндіретін цех, диірмен, ет комбинаты, тігін цехы, сондай-ақ асфальтбетон зауыты жұмыс істейді. «Дәулет» жеке индустриялық аймағында 244 жұмыс орны ашылған.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына барды, онда Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда Елбасыға цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

«Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек», — деді Қазақстан Президенті.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Атырау облысының әкімі аппаратының басшысы аталған электронды ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Мемлекет басшысы «Жігермұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өнім өндіру көлемін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәлдігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, робот көмегімен дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа зауытта ішкі нарыққа және экспортқа шығаруға арналған дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Қазақстан Президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу барысында өнеркәсіптің түрлі салаларында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, «Жігермұнайсервис» компаниясының өндірісін әртараптандырудың артықшылықтарын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды.

Мемлекет басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру барысында Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты.

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу кезінде Елбасы қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ отаныңды сүюге негізделген салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.

Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. "Туған жер" арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 млрд теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы алаңда әйгілі күйшінің бюсті орнатылатын болады», — деді Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев.

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-сына 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті.

Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды.

2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында зор жетістікке жеткеніне тоқталып, оған Атырау халқы да үлес қосқанын ерекше атап өтті.

«Біз 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "Цифрлық Қазақстан", индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары және «Бес әлеуметтік бастама» жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы нысандарды аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөніндегі есепті тыңдаған соң, жалпы, аймақтың экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты.

Атырау облысының әкімі өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде баяндады.

«Облыстың өңірлік жалпы өнімі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 1 646,2 миллиард теңгеге, индекс көлемі 112,1 пайызға жетті. Республиканың ішкі жалпы өніміндегі өңірдің үлесі 14 пайыз болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 653,1 млрдқа артты. Нақты индекс көлемі – 112,6 пайыз. Еліміз бойынша өңірдің үлесі 27,7 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 21,8 млрд теңге болатын әрі 331 жұмыс орнын ашуға арналған 8 жобаны іске қосу жоспарланып отыр», — деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар бағытына қатысты оң нәтижелерге тоқталып, өңір экономикасы өсімінің негізгі көрсеткіштері өндіруші секторға тиесілі екенін атап өтті.

«Мен бағасы құбылмалы шикізат ресурстарына үміт артпай, баламалы өндіріс құруға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсындым. Үлкен кәсіпорындар құру міндетті емес, экспортқа жұмыс істейтін икемді жобаларды жүзеге асыру қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты пилоттық жобаны жүзеге асырудың тиімділігін айтып, жергілікті атқарушы органдарға осы тәжірибені қолдануды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

Жиын соңында Қазақстан Президенті облыс әкімдігіне және орталық мемлекеттік органдарға өңір экономикасын әртараптандыру, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылысын тезірек аяқтау, аграрлық және қайта өңдеу саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобаларды сапалы іске асыру, сондай-ақ жүктелген міндеттер үшін басшылардың дербес жауапкершілігін бекіту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу