03 Қыркүйек 2018, 10:13
Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар туралы, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа қарсы күрес бойынша атқарылған шаралар туралы мәлім етті.
«Осы жылдың 8 айында барлығы 1300 қылмыс тіркелді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұжымдық-практикалық, заңдық шаралармен қатар бірқатар жұмыстар атқарылды», — деді М. Байболов.
Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған 19 бейімдеу орталығы жұмыс (КБО) істеп тұр. Алғашқы жарты жылдықта аталмыш орталықтарға 3700 бала келіп түсті. Орталықтарда сондай-ақ тәрбиленушілерге кеңес беру, психологиялық, анықтамалық-ақпараттық, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған отбасылық қолдау қызметі бар.
Жаңа оқу жылының басталуына орай «Жасөспірім» жедел алдын-алу жұмыстары жүргізілуде.
«Біз жазғы уақыттарда балалардың далада түнемеуіне және заңды өкілдерінсіз жүрмеуіне көбірек көңіл аударамыз. Алдан алу шарасының алғашқы бес күнінде ішкі істер органдарына түнгі ойын-сауық мекемелері мен ата-анасының қарауынсыз қыңғып жүрген 5 мың бала жеткізілді. Мұндай жағдайларда кәмелетке толмаған балаларға және бала тәрбиесіне мән бермеген ата-аналарға арнайы шара қолданамыз», — деп атап өтті М. Байболов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері ішкі істер органдарына ойын-сауық мекемелерін жағалап жүрген 38 мыңға жуық осындай қараусыз әрі ата-анасының бақылауынсыз жүрген бала жеткізілген.
«Мұндай мекеме иелеріне әкімшілік-құқықтық шара қолданылады. Кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін саудалағаны үшін 2500 сауда нысан иесі жауапқа тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін тағы 600 нысан иесі жауапқа алынды», — деп атап өтті ол.
Ресми деректерге сенсек, республика көлемінде соңғы 5 жылда жасөспірімдер қылмысы 26,8% азайған. Алматы облысында 9% (166-дан 151-ке), Шығыс Қазақстанда 25,8% (151-ден 112-ге), Қостанайда 6,5% (92-ден 86-ға 86) және Батыс Қазақстан өңірінде 10%-ға, яғни 70-тен 63-ке дейін азайған. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер саны да 5 жыл ішінде 4,5 есеге азайды.
ІІМ деректерінен осы жылғы жол-көлік оқиғасы да өткен жылғымен салыстырғанда 12,4% азайғанын байқауға болады.
Балаларға қауіпсіздік шараларын үйрету және жол-көлік оқиғаларынан жарақат алып қалмау мақсатында республикалық, өңірлік деңгейде «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Назар аударыңыз — балалар!». «Сіздің жолаушыңыз — бала», «Жаяу жүргінші өтіп жатыр» деген секілді шаралар өткізіледі. Осы жылдың басынан бері барлығы 1,5 мыңнан астам түрлі насихат науқандары мен акциялар, викториналар, конкурстар өткізілді.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу