Қанат Бозымбаев Атырау экологиясына қатысты мәселелерді жедел шешуді тапсырды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырауда экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын тиімді пайдалану және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өткізді.

Оған салалық министрліктерден, облыс әкімдігінен және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан өкілдер қатысты.

Жиында қаралған негізгі мәселенің бірі – су тұтыну көлемін азайту және кәсіпорындарды айналма және кері пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйесіне көшіру. Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде айналма сумен жабдықтау жүйелерінің саны бірден алтыға көбейген. Өндіріс көлемі артқанына қарамастан, соңғы жылдары Жайық өзенінен алынатын су көлемі жылына 8,4 млн текше метрден 6,6 млн текше метрге дейін азайды. Алдағы уақытта зауыт бұл көрсеткішті 4,6 млн текше метрге дейін қысқартуға мүдделі.

Сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялау және алдағы уақытта булану алаңдарын, оның ішінде «Сасықсай» аумағын  пайдалану мәселелері қаралды.

Қанат Бозымбаев бір ай ішінде сол және оң жағалаудағы кәріз тазарту құрылыстары мен «Сасықсай» алаңына қатысты нақты шешімдер шығаруды тапсырды.

Атмосфералық ауаның сапасы мен экологиялық мониторинг мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Қазіргі таңда «Қазгидромет» деректері, NCOC экология бекеттері мен «АМӨЗ» құрылғыларынан алынатын мәліметтер ортақ жүйеге біріктірілмеген. Осыған байланысты деректерді автоматты түрде интеграциялау жоспарын әзірлеу және өнеркәсіптік нысандардағы бақылау құралдарының желісін кеңейту жөнінде тапсырма берілді.

Бұдан бөлек, Каспий теңізінің таяздануы, жердің тозуы және өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймақтарының жай-күйі де талқыланды.

Қанат Бозымбаев отандық және шетелдік сарапшыларды, экологтар мен сала мамандарын тарта отырып, жұмыс тобын құру туралы пәрмен берді. Олар бір ай ішінде экологиялық қауіпсіздік, атмосфералық ауаның мониторингі, суды тиімді пайдалану, тазарту құрылыстарын жаңғырту және техногендік жүктемені азайту бағыттарын қамтитын жол картасын әзірлеуі тиіс.

Жиын барысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы да қаралды.

Атырау облысында жоба  баяу іске асып жатқаны айтылды. 2025 жылға бөлінген қаражаттың  72,6%-ы игерілген. 2026 жылғы мамырда қосымша қаржы бөлінген, соған қарамастан облыста бүгінге дейін бірде-бір жоба мақұлданбаған және бір теңге де игерілмеген.

«Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, өңірдегі жұмыстың қарқыны әлі де төмен. Бұл жауапты лауазымды тұлғалардың өз міндетін тиісті деңгейде орындамай отырғанын және жобаға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін көрсетеді», — деді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімдігіне 2026 жылға бөлінген қаражатты толық әрі уақытында игеруді және жобаларды белгіленген мерзімде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ұлттық экономика министрлігіне бұл мәселені қатаң бақылауға алу жүктелді. Қазанның қорытындысы бойынша қаражатты игеру қарқыны төмен болса, осы бағытқа жетекшілік ететін саяси мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізіледі.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жұмысы да жеке қаралды. Қанат Бозымбаев корпорация жұмысын жүйелеуді және жобаға қатысушылардан талап етілетін құжаттар санын азайтып, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартуды тапсырды.

Кеңейтілген отырыста өңірлік стандарттар жүйесі бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалмау себептері және өңірлер арасындағы алшақтықтың сақталуы да талқыланды.

Өңірлік стандарттар жүйесі халықтың өмір сүру сапасы мен негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық қызметтердің қолжетімділігін бағалайды.

Атырау облысының әкімдігіне Өңірлік стандарттар жүйесі аясында даму қарқыны төмен бағыттарға бюджет қаражатын бөлуде басымдық беру жүктелді.

Егер жұмыс негізсіз созылатын болса, жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне тиісті баға берілмек.

#Экология #су ресурстары #Қанат Бозымбаев #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу