Нұрлыбек Нәлібаев Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылымдық және әлеуметтік бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысын тексерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған маңызды жоба – Орал теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары 95%-ға орындалды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары аясында құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын қадағалады.

Жоба шеңберінде стратегиялық нысанда заманауи күту залдары жасақталып, жаңартылған ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. Басты міндет – жолаушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Бекетте 4 эскалатор, 3 жеделсаты орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Вокзалдан перронға бұрынғыдай жертөле арқылы емес, тікелей шығу мүмкіндігі қарастырылды. Вокзалға тартылған инженерлік инфрақұрылым толық жаңартылды. Жергілікті бюджет есебінен нысанға іргелес аумақтар да реттеледі.

Нұрлыбек Нәлібаев мердігер компания мен өзге де жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы бірінші кезектегі мәселе екенін ескертіп, ана мен балаға, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасауға баса мән беруді тапсырды.

Айта кетейік, бұдан бөлек Шыңғырлау ауданында теміржол вокзалы жаңадан салынып, Бөрлі, Тасқала аудандарындағы 2 бекетті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыс сапары аясында Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің жобасымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолға алынған бұл жобаның жалпы құны – 71 млрд теңге. Техникалық тексеруден кейін апаттық деп танылған ескі көпірлердің жанынан бой көтеретін бұл нысан халықаралық маңызы бар «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының бойында орналасқан және өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті сұранысқа негізделген.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жол мен заманауи монолитті құрылымдағы 513 метр арналық және 1710 метр жайылмалық қос көпір салу қарастырылған. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, тиісті органдардың келісімінен өтті. Инфрақұрылымдық нысанның жобасында қарастырылған жаңа технологиялар мен инженерлік шешімдер жол қатынасының сенімділігін арттыруға бағытталған.

Нұрлыбек Нәлібаев жауапты министрліктер мен облыс әкімдігіне жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу процесін жылдамдатуды жүктеп, жобаны жүзеге асыру кезінде бюджетті барынша оңтайландыру, шығындарды тиімді бөлу және сонымен бірге нысанның сапалық көрсеткіштеріне ерекше басымдық беруді қатаң тапсырды. Ол бұл көпірдің Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық логистикалық байланыстарды нығайтудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.

Өңірге жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев Ақжайық жаңа шағын ауданы құрылысының барысымен танысты. Жалпы көлемі 420 гектарды құрайтын және 50 мың тұрғынға арналған Ақжайық жаңа шағын ауданының бүгінде 100 гектары белсенді игерілуде. Ауқымды нысан Орал қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында бой көтеріп жатыр. Қазіргі уақытта аумақтың орталық пен оңтүстік бөліктерінде жұмыстар қарқынды жүруде. Мұнда инженерлік желілер толықтай тартылып, кәріз сорғы стансасы салынды, сондай-ақ ауданның көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары нысан басында жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларының өкілдерімен тілдесіп, мұндай маңызды жобаларды жүзеге асыруда жауапты міндет жүктелген мердігерлер ең алдымен жұмыс сапасына жіті мән беруі керектігін ескертіп, нысандарды уақтылы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын баяндап өтті.

Бүгінгі таңда шағын ауданда 1044 пәтерлік 10 үй мен оңалту орталығы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта тағы 16 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр және жыл соңына дейін соның ішіндегі 648 пәтерді тапсыру жоспарланған. Алдағы уақытта бұл аумақта 60 әлеуметтік нысан бой көтереді деп күтілуде, оның ішінде 2 мектеп, 4 балабақша, көпбейінді аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық заманауи стадион бар.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Квант» ЖШС жиһаз зауытына барды. Нарықта 35 жылдық тарихы бар кәсіпорын қазіргі таңда жоғары деңгейде автоматтандырылған және еуропалық озық технологиялармен жарақтанған. Мұнда 300-ден астам адам еңбек етеді. Зауыт құрамында поролон, матрас, жұмсақ және корпустық жиһаз шығаратын 4 бірдей өндіріс желісі жұмыс істеп тұр. Компания өнімдері Орал, Ақсай және көршілес Атырау қалаларындағы фирмалық дүкендерде, сондай-ақ республика көлемінде сатылымға шығарылады. Бүгінде кәсіпорын серпінді дамып келеді. Былтыр 2,5 млрд теңгеден астам сомаға өнім өндірілсе, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 654 млн теңгеге жеткен.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары зауыт жұмысымен, ондағы өзекті мәселелермен танысты. Кәсіпорын бұған дейін өндірісті кеңейту мен логистикалық орталық салу үшін алынған несиелерді қайтару мерзімін бір жылға шегеру туралы ұсынысын жеткізді. Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселені жауапты мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып қарауды тапсырды. 

#Инфрақұрылымдық даму #Нұрлыбек Нәлібаев #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу