15 Мамыр 2018, 11:46
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Квант» ЖШС жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты.
Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.
Сондай-ақ, фабриканы аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндалды.

Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған жобалар бар.
***
«Квант» компаниясы поролон, матрас, жиынтық және жұмсақ жиһаз жасаумен айналысады. Өндірісте қолданылатын барлық материал экологиялық тұрғыдан таза әрі мемлекеттік стандарттарға сай келеді.
Бұл жиһаздар еуропалық тауар өндірушілердің заманауи құрал-жабдығымен және озық технологияларды қолдану арқылы жасалады.

Бұдан кейін Елбасы тауық етін өндіруге және дайындауға маманданған «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның тағам кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына кәсіпорынның өндірістік қуаты және дайын өнімнің сатылуы жөнінде мәлімделді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары туралы баяндалды.
***
«Жайық Агро LTD» кәсіпорны жылына 7200 тонна құс етін өндіреді. Бұл орайда, өнімнің 90% ішкі нарыққа жіберілсе, ал 10% сыртқы нарыққа шығарылады.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ барды.
Қазақстан Президенті көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа кәсіпорынның технологиялық қуаты, сондай-ақ қорғаныс саласының өнімдері – атыс қаруы және оқ-дәрі үлгілері көрсетілді.

Елбасы қабырғаға және шатырға арналған материалдар, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытына барды.
Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі даму барысы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру перспективалары жөнінде мәлімделді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді. 
Елбасы БҚО-ға жұмыс сапары барысында Орал қаласындағы орталық алаңға барды.

Қазақстан Президенті қаладағы орталық алаңды аралап көргеннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімделді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндалды.
Елбасы, сондай-ақ, өңір жұртшылығымен кездесті. Онда тұрғындар Мемлекет басшысына «Бес әлеуметтік бастаманың» қабылданғаны үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Президенті елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың, мейлінше өзекті проблемаларын шешуге бағытталғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.
Әңгімелесу соңында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Жастар және оқушылар сарайына барды. Онда Қазақстан Президентіне денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы цифрландыру жөніндегі жобалар таныстырылды.
Қазақстан Президенті облыс жастарының белсенді өкілдерімен кездесіп, жастар мен жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы жөнінде әңгімелесті.
Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеудің маңызды екенін атап өтті.
«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенеміз», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу