Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және АӨК-ті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин баяндама жасады. Сонымен қатар жиында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері және аграршылар атынан «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко сөз сөйледі.

«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс науқанының аяқталғаны туралы баяндады. Биыл 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Президент тапсырмасы бойынша жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқаптарын ұлғайта отырып, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға егілді. Шегірткеге қарсы күрес аясында биыл 2,2 млн гектар жер өңделеді. Бүгінде шамамен 665 мың гектарда зиянкестерге қарсы іс-шаралар аяқталды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданды: шаруалар 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, 2,3 млн тонна көлемінде тұқымға қажеттілік толық жабылды, 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.

Төрт айда ет өндірісі 338 мың тоннаны құрады (+3,4%). Сиыр етін өндіру көлемі 112,9 мың тоннаны (+6,1%), қой еті 34,7 мың тоннаны (+8,1%), жылқы еті 41,2 мың тоннаны (+3,8%) құрады.

Мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет ветеринариялық қызметті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруда.

«Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар 9,1 млрд теңге сомасына шамамен 600 ветеринариялық нысан салды. Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды қосымша жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Республикалық бюджеттен берілетін жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде инфрақұрылымды дамытуға 66,2 млрд теңге бөлінді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі елеулі жетістікке әкелді – Қазақстан ресми түрде аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді», — деп баяндады Айдарбек Сапаров.

Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесі 51%-дан асты, бұл саланың қосылған құны жоғары өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда АӨК-тегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Соңғы 2 жылда қазіргі заманғы мал шаруашылығы кешендерінен бастап терең өңдеу кәсіпорындарына дейін 540 жаңа өндіріс пайдалануға берілді. Оның ішінде 89 мал шаруашылығы кешені, 70 тауарлы-сүт фермасы, 35 астық қоймасы, 35 көкөніс қоймасы, 16 құс фабрикасы, 11 жылыжай салынды, өсімдік майларын өндіру және терең өңдеу бойынша 12 жоба жүзеге асырылды. 2026 жылы техника паркін жаңарту қарқыны 8%-ға жетпек, бұл ретте парктің тозуы 65%-ға дейін төмендейді.

Премьер-министр ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын мал шаруашылығын дамытуға белсенді тарту қажеттігін атап өтті.

«Кеңес жұмысына бизнес пен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысып отырғанын пайдаланып, мына мәселеге тағы да назар аударғым келеді: ірі шаруашылықтар жыл бойғы жұмыспен қамтуды тұрақты жолға қоюы тиіс. Бұл – сіздерге қойылатын негізгі талаптардың бірі. Мемлекет қажетті қолдауды көрсетуде, бірақ ірі бизнес тарапынан да бірінші кезекте жыл бойғы жұмыспен қамту жөнінде қарсы міндеттемелер күтеді. Ашығын айтайын, егер осы бағытта тиісті шаралар қабылданбаса, біз сіздермен бірге бұдан әрі жұмыс істей алмаймыз, мұндай меншік иелерінен жер телімдерін кері қайтарып ала бастаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Суды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы жекелеген шаруашылықтардың егіс құрылымын сақтамауы, әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарында су тұтынудың өсуіне әкелді. Осыған байланысты Премьер-министр су ресурстары және ирригация министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп мәселені бақылауда ұстауды, ылғал көп қажет ететін дақылдар бойынша бекітілген егіс құрылымының сақталуын қамтамасыз етуді және фермерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Өңірлерде су ресурстарын ескере отырып, егіс құрылымын оңтайландыру жүргізілуде. Суды пайдаланудың белгіленген лимиттеріне сәйкес күріш алаңы 20,6 мың гектарға қысқарып, 79,9 мың гектарды құрады. Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аударылуда: тамшылатып суаруға арналған мақта алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайтылып, 79,8 мың гектарға жетті, ал дәстүрлі суаруға арналған алаңдар 12 мың гектарға қысқарды.

Вегетациялық кезеңдегі ауа райы болжамы туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, осы кезеңде ауа температурасы жоғары болады және жауын-шашын әр жерде әр түрлі жауады. Жалпы алғанда вегетациялық маусымның басталуы қолайлы деп бағаланып отыр. Сонымен қатар, шілде-қыркүйек айларында еліміздің жекелеген өңірлерінде ылғал тапшы болуы мүмкін қаупі бар. Қыркүйек айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз, ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Абай облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шалғай солтүстігінде нормаға жақын деп болжанып отыр. 

Бұл ретте вегетациялық маусымға жасалған алдын ала болжам уақыт өте нақтыланып, ай сайынғы мәліметтермен толықтырылып, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізілетін болатыны атап өтілді.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин шаруаларды қаржылай қолдау шаралары туралы баяндады. Биыл АӨК-ті дамытуға 1,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 750 млрд теңгесін егін егу және жинау жұмыстарына бағыттау жоспарлануда. Бүгінгі таңда фермерлер 573 млрд теңге қарыз алған, бұл шамамен 6,8 млн га егіс алқабын өңдеуге мүмкіндік берді. Оған қосымша «Даму» қоры 232 млрд теңгеге 1,7 мың кепілдік берді, соның арқасында аграршылар 273 млрд теңгеге несие ала алды.

«Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры Геннадий Зенченко фермерлік қоғамдастық мемлекеттің шаруаларды қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысын оң бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы шешімдер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында қолдау тауып, жаңа инвестициялық жобаларға, заманауи өндірістерге және ауылдағы жұмыс орындарына айналуда.

«Шаруалар қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысына бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөлініп жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Жасалып отырған қолдау тетіктері бизнеске ұзақ мерзімді жобаларға сенімді инвестиция салуға, заманауи технологияларды енгізуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда фермерлерге одан әрі даму үшін барлық қажетті жағдайлар мен құралдар бар. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау бизнестің берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудағы жоғары жауапкершілігін де көздейді», — деді Геннадий Зенченко.

Шаруа қожалығының директоры сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу, АӨК-ті цифрландыру, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы білімінің сапасын арттыру, ауыл үшін кадрлар даярлау және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығару мәселелерін көтерді.

Жиын қорытындысында Премьер-министр Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және АӨК-ті жоғары технологиялық экспорттық салаға айналдыру жөніндегі алға қойған міндетін жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

«Өсімдік шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап, одан әрі арттыра түсу. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әсіресе қуаңшылық қаупі бар аймақтарда егістіктерді сумен қамтамасыз ету жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және өнімді сақтап қалу үшін жедел шаралар қабылдау керек. Барлық агротехнологиялық талаптар белгіленген ғылыми нормаларға қатаң сәйкес орындалуы тиіс. Минералды тыңайтқыштарды уақтылы енгізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізуге ерекше назар аудару керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі ретінде мал шаруашылығы саласының зор әлеуеті бар екені атап өтілді. Оның жүйелі дамуы үшін биыл 5 жылға арналған, бүкіл өндірістік тізбек бойынша жеңілдетілген қаржыландыруды көздейтін Кешенді жоспар бекітілді. Мал шаруашылығының барлық кіші салалары мен санаттарына 220 млрд теңге бағытталатын болады. Ірі қара және ұсақ малдың асыл тұқымды басын сатып алуға арналған «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды, олардың бекітілген мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Мал айдау шаруашылығын ынталандыру мақсатында жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылуда. Айналым қаражатын толықтыруға арналған 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы қолжетімді. Осы бағытта әкімдіктерге жұмысты күшейтіп, жер ресурстары айтарлықтай ірі шаруашылықтардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану тапсырылды.

Осы жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының ветеринариялық инфрақұрылым деңгейін одан әрі арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және тиімді жүргізуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Министр атап өткендей, Қазақстан аусылдан таза ел мәртебесіне ие болды. Біз алдағы уақытта да осындай мәртебеге сай болуымыз керек. Сонымен қатар мал шаруашылығының тұрақты дамуы ветеринариялық қауіпсіздік деңгейіне тікелей байланысты. Аурулардың алдын алу мен бақылаудың тиімді жүйесі болмаса, мал басының өсуін, өнімділікті арттыру және өнім сапасын жақсарту мүмкін емес. Осыған байланысты ішкі нарықтағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету өте маңызды», – деп атап өтті Премьер-министр.

Әкімдіктерге базарларда ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуді, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың қадағалануын және сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өңірлерде ветеринариялық инфрақұрылымды салу және жаңғырту бойынша міндеттер қойылды.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделіп қалыптастырылады. Сонымен қатар әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірістің барлық кезеңіне – егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрлық құралдарды енгізу талап етіледі. Сондай-ақ ауыл-аймақта жайлы өмір сүруге жағдайлар жасау маңызды. Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтарының ауылдары секілді мысалдар елімізде аз емес, алайда олардың саны арта түсуі тиіс. Мемлекет олардың дамуын жан-жақты қолдап, ынталандыратын болады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар ағымдағы бірқатар өзекті мәселені шешу бойынша тапсырмалар берілді:

  • ауыл шаруашылығының қосымша бағыттарын дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ жылыжайлар, бау-бақша және балық шаруашылықтарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іске қосу жөнінде (жеке инвестициялар мен МЖӘ тетіктерін ескере отырып) қысқа мерзімде ұсыныстар енгізу;

  • жеңілдетілген қаржыландыру алу кезінде мал өсірушілердің қажетті кепілінің болмауы мәселесін шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қаржы министрлігіне және «Бәйтерек» ҰБХ қарыздарға кепілдік беру тетігін жедел түрде енгізу тапсырылды;

  • Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық аграршыларды отандық минералды тыңайтқыштармен толық көлемде және тұрақты бағамен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;

  • шегірткелердің таралуына жол бермеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп 2,2 млн гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, зиянкестер ошақтарын оқшаулау;

  • Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

«Дала мен орман өрттерінің қаупі күшейіп отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп азаматтық қорғау қызметтері мен күштерінің жоғары әзірлігін қамтамасыз етуі қажет. Өрт сөндіру техникасының, байланыс жүйелерінің және жанар-жағармай қорының дайындық деңгейін тексеру керек. Сондай-ақ алдын алу шаралары аясында орман және дала алқаптарын, әсіресе елді мекендер мен егістік жерлерге жақын аумақтарды қураған шөптер мен өсімдік қалдықтарынан тазарту жұмыстарын жүргізу қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Аталған барлық тапсырмалардың сапалы орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігіне және облыс әкімдіктеріне жүктелді.

#Олжас Бектенов #Ауыл шаруашылығы #АӨК #Көктемгі егіс жұмыстары #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу