04 Ақпан 2025, 17:19
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрі Марат Қарабаевтың, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың және «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Марат Қарабаев брифингте еліміздегі жолдардың қайсысы жақын арада ақылы болатынын және жол жүру үшін алынатын ақшаның қайда жұмсалатынын хабарлады. Оның айтуынша, республикалық жолдардың үш учаскесі ақылы болады. Атап айтқанда, бұл «Қарағанды – Алматы» және «Күрті – Қонаев» автожолдары, сондай-ақ салынып жатқан «Қызылорда – Орал» автожолына ақылы жүйе енгізіліп, тек бизнеспен айналысатын жүк машиналары ақы төлейтін болады.
Сондай-ақ министр ақылы жолдардан түскен ақша негізінен республикалық жолдарды күтіп ұстауға жұмсалатынын атап өтті. Мәселен, 2024 жылы 48 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Бұл ақшаның бір бөлігі республикалық жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. 2023-2024 жылдары жолдарды күтіп ұстауға арналған техника саны 525 бірлікке ұлғайды, биыл тағы 470 бірлік сатып алу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жаңа автожол жобаларын іске асыру бойынша конкурсқа отандық компаниялардың қатысуы жөнінде баяндады. Ол «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Жезқазған – Қызылорда» секілді жобалар бойынша конкурстарда басымдық жергілікті компанияларға берілетінін атап өтті. Мәселен, қазіргі уақытта «Қарағанды – Жезқазған» жобасын іске асыруға тендер жарияланып, 43 компания өтінім тапсырды, олардың 12-сі қазақстандық компания. Отандық қатысушылар алдын ала біліктілік іріктеуден өтіп, қаржыландырушы банк олардың құжаттарын қарастыруда. Бұған дейін бірде-бір қазақстандық компания мұндай конкурстарға өтінім бермеген болса, өткен жылы жағдай түбегейлі өзгерді. Қажет болған жағдайда қазақстандық компаниялар халықаралық компаниялармен консорциум құра алады.
Конкурстарға шығарылған жобалар шеңберінде қымбаттау тәуекелдері жоқ, себебі мердігер автожолды жобалау, салу және күтіп ұстау жұмыстарын толықтай өзі атқарады. Осылайша, барлық тәуекелдер мердігердің жауапкершілігінде болады.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу