Үкіметте жұмыспен қамту көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалатыны айтылды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұмыссыз азаматтарды және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 35 мыңнан астам адамды қамтитын жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмыспен қамту жоспарының орындалу нәтижелерін таныстырды. Бүгінде олардың 8,4 мыңы жұмысқа орналасып, 12 мыңға жуық азамат жұмыссыздар есебінен шығарылған.

Сонымен қатар ведомство жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді ұсынды. Біріншіден, Павлодар облысында жасанды интеллект негізінде әзірленген Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект азаматтар туралы деректерді талдап, Telegram-бот арқылы оларға сәйкес келетін бос жұмыс орындарын, оқу бағдарламаларын және өзге де қолдау шараларын ұсынады. Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал санаттарымен жұмыс істеуге арналған мансап орталықтарының бірыңғай әдістемесі бекітілді. Ол әрбір азаматқа жеке тәсіл қолдануды және жұмысқа орналасқанға дейін қолдау көрсетудің нақты алгоритмін көздейді.

Жиын барысында Халықты жұмыспен қамту жоспарының жүзеге асырылу нәтижелері де қаралды. Қазіргі уақытта жоспар 46%-ға орындалған. Биыл 548 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Сондай-ақ мансап орталықтарының қызметін азаматтардың сұранысына бейімдеу жұмыстары жалғасуда. Негізгі міндет – жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетудің барлық кезеңінде жеке қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу.

Жиында NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. «Отбасының цифрлық картасы» платформасының деректеріне сәйкес, еңбекпен, білім алумен немесе өзге де қызметпен қамтылмаған жастардың саны 6,7%-ға азайған. Ең жоғары төмендеу көрсеткіші Түркістан облысында тіркеліп, 31,5%-ды құрады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мұндай оң нәтижеге жастар ресурстық орталықтарының жүйелі әрі нысаналы жұмысы және «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген. Ведомство жобаны жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшіруді және жастар еңбек жасақтарының қызмет бағыттарын кеңейтуді ұсынды.

Жиын барысында ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындылары да қаралды. Жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, қажет болған жағдайда оларды қайта оқыту керек екені атап өтілді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында дуальды оқыту жүйесі жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Колледж түлектерінің 71,9%-ы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар жұмыспен қамту көрсеткіштері орташа республикалық деңгейден төмен өңірлердегі жағдай жеке қаралды. Маңғыстау облысына ерекше назар аударылып, Премьер-министрдің орынбасары өңір жастарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

Жиынды қорытындылаған Аида Балаева жұмыссыз азаматтармен және NEET санатындағы жастармен жүргізілетін нысаналы жұмысты күшейтіп, оларды жұмысқа орналасқанға дейін тұрақты түрде сүйемелдеуді тапсырды. Педагогтер мен медицина қызметкерлерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша да жеке тапсырмалар берілді. Салалық мемлекеттік органдарға аталған мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін қосымша тетіктерді әзірлеу міндеті жүктелді.

#Жұмысқа орналастыру #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу