Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №18

2017 жылғы 23-28 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Екі мәселе қаралды: Мемлекет және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы негізгі бағыттар және елдегі көмір өнеркәсібін дамыту мәселелері.

Отырыстың күн тәртібінің бірінші мәселесі бірқатар үкіметтік емес құрылымдардың басшыларының: «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Қауымдастығының президенті Н. Ерімбетовтің, «Камеда» қорының атқарушы директоры М. Еспенованың, «АРГО» Азаматтық қоғамды дамыту Қауымдастығының атқарушы директоры Д. Асанованың қатысуымен қаралды. Өз баяндамаларында олар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл орнатудың түрлі аспектілерін қозғап, бірлескен қызметті жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын білдірді.

Көмір өнеркәсібінің жағдайы мен қазақстандық көмір экспортын ұлғайту мүмкіндіктері туралы өз пікірлерімен отырыс барысында Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Н. Родостовец, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Р. Сүлейманов және химия ғылымдарының докторы, Көмір химиясы мен технологиялары институтының директоры Б. Ермағамбетов бөлісті. 

23 қаңтарда Премьер-Министр Б. Сағынтаев Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің бас директоры Марк Узанмен кездесті.

Сейсенбі күні, 24 қаңтарда Премьер-Министр Б. Сағынтаев ауыл және орман шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастық перспективаларын «Macau Legend Development Ltd» макаолық компаниясының басшысы Дэвид Чоумен талқылады.  

Сол күні Премьер-Министр Б. Сағынтаев Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында ЭЫДҰ стандарттары мен «Yellow Pages Rule» қағидаларына сәйкес бағытталған заңнамалық және әкімшілік шаралар пакеті талқыланды.

Сәрсенбі күні, 25 қаңтарда Премьер-Министр Б. Сағынтаев бизнестегі әкімшілік кедергілерді төмендету мен экспорттық-импорттық операцияларды дамытуға жағдай жасау мақсатындағы кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ, сол күні Премьер-Министр Б. Сағынтаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысымен қайта ұйымдастырылған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұжымына денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованы таныстырды.

Сол күні Б. Сағынтаев нидерландылық тараптың бастамасымен Нидерланды Премьер-Министрі Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар екі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастық келешегін талқылады.

Бейсенбі күні Премьер-Министр Б. Сағынтаев елдегі мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру және өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешені салаларына инвестициялық субсидия ұсыну мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жұма күні, 27 қаңтарда Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында Қорды трансформациялау бағдарламасының жол картасын іске асыру мәселелері, Директорлар кеңесінің 2016 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы, сонымен қатар 2017-2021 жылдарға арналған даму жоспарының жобасы қаралды.

Сондай-ақ, 27 қаңтарда Үкімет басшысы республикалық меншіктің ірі нысандарын, сонымен қоса «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «ҚазАгро» АҚ нысандарын бәсекелі ортаға беру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Сенбі күні Б. Сағынтаев әлеуметтік-экономикалық күн тәртібі бойынша Үкімет мүшелерімен жұмыс кеңесін өткізді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу