Жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды: Премьер-министр әкімдерге өңірлік штабтар жұмысын қайта жандандыруды тапсырды

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды. Бүгінде 11 өңірде жылу беріле бастады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы, жылу көздеріндегі отын қоры, сондай-ақ жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуы туралы баяндады.

Алматы және Шымкент қалаларында, Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу беру жүйесіне қосу жұмыстары кестеге және ауа райы жағдайына сәйкес қазан айының соңына дейін жүргізіледі.

Премьер-министр бұған дейін желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті. Абай облысынан басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Осыған байланысты Премьер-министр Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Өңір әкімдері жылыту маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отырсын. Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер», — деп атап өтті Премьер-министр.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу