10 Қараша 2026, 13:05
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, сондай-ақ өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыс әкімдері баяндама жасады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақта соңғы үш жылда халықты газдандыру 85%-дан 90%-ға артқанын айтты. Сондай-ақ, жылыту маусымы басталғаннан бері облыста 17 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам қайтыс болған. Жарақат алғандар жоқ, көмірқышқыл газымен улану жағдайлары тіркелмеген.
«Өңірдің өрт сөндіру қызметін күшейту мақсатында соңғы 3 жылда 25 өрт сөндіру техникасы сатып алынды. Бұдан бөлек, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 16 бекет ашылды. Жыл соңына дейн тағы 11 ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, Ленгір қаласында және Ораңғай ауылында өрт сөндіру бөлімдері іске қосылды. Бұл 158 елді мекендегі 363 мың тұрғынды өрттен қорғауға мүмкіндік береді.
Облыс көлемінде соңғы үш жылда халықты газдандыру 85%-дан 90%-ға артты. Табиғи газ берілу барысында автоматты газ сигнализаторлары орнатылуда. Барлық аудан, қала аумағынан 17 газ инспекциясы құрылды. Инспекциялар тарапынан 18 мың кәсіпкерлік нысан мен 290 мың тұрғын үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында 282 мың тұрғын үйдің мұржасы тазартылып, 205 мың газосигнализатор орнатылғандығы анықталды. Газ балон құрылғыларының қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан жеке кәсіпкерлерге 160 айыппұл салынды», — деді ол.
Осы жылдың жылыту маусымында 27 294 осал топтағы отбасы есепке алынып, толық профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 23 580 бұзушылық анықталып, 15 780 кемшілік жойылды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 46%-ы немесе 12 590 тұрғын үйге өрт датчигі орнатылды, қалған 14700 үйді жыл соңына дейін толық қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар туралы деректер диспетчерлердің автоматтандырылған жұмыс орнына енгізілді.
«Өзіңнен баста» акциясы аясында өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Акция барысында 3519 қызметкер өздерінің жеке тұрғын үйлеріне өрт сигнализаторларын орнатты.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру мақсатында 2 360 оқу-жаттығу өткізілді.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында 12 780 интерактивті сабақ пен лекциялар ұйымдастырылды. Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары тұрақты бақылауда.
Ал Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аймақта тұрғын үй секторындағы тұрмыстық өрттерді алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде екенін айтты. Азаматтармен адрестік жұмыс жүргізуге және халықтың өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға негізгі назар аударылған.
«Тұрғындар арасында 1000-ға жуық жиын ұйымдастырылып өткізілді. Тұрғын үй секторын аралап шығу жүзеге асырылды. 400 мың адамға нұсқаулық берілді. Кең аудиторияны қамту үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер белсенді пайдаланылады. Шамамен 4 мың ақпараттық материал жарияланды. 190 мың көрнекі ақпараттық материал мен буклеттер таратылды. Жылыту маусымы басталғанға дейін қоғамдық орындарда, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың дайындығына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бүгінгі таңда толық жойылды. Аталған объектілерде эвакуациялау бойынша 300 оқу-жаттығу және өрт қауіпсіздігі бойынша 1,5 мыңнан астам нұсқама өткізілді. Жаттығулар барысында өрт дабылы мен хабарлау жүйелерінің дайындығы тексерілді», — деді облыс әкімі.
Әлеуметтік осал отбасылары ерекше бақылауда. Олардың үйлерінде шамамен 12 мың улы газ датчигі орнатылды. Жыл соңына дейін 3,2 млн теңге сомасына тағы 800 датчик сатып алу жоспарланды.
Волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, халықтың осы санаты арасында 10 мың рейдтік іс-шара өткізілді және арнайы қауіпсіздік айлығы ұйымдастырылды.
Жылу беру маусымы басталғаннан бері өрттің алдын алу мақсатында, аулаларды аралап шығу жұмысы күшейтілді. Басты назар пешпен жылыту жүйесіне аударылды. 1020 пеш құбыры тазартылды.
Профилактикалық жұмыстың тиімділігі жергілікті жерлерде өрт сөндіру желісін дамыту арқылы қамтамасыз етіледі. Өңірде елді мекендердің өрт қауіпсіздігін 108 өрт сөндіру бөлімшесі және өрт сөндіру бекеті жүзеге асырылады.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғайдағы 160 ауыл тұрғындарын қорғауды қамтамасыз ететін 56 өрт сөндіру бекеті құрылды. Осы жылы 26 өрт сөндіру пункті құрылып, жаңартылды.
Азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға соңғы екі жылда 1 млрд теңге бөлінді. 2027 жылға 4,6 млрд теңге қарастырылған, бұл материалдық-техникалық базаны айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда Степногорск және 6 ауданда улы газ көрсеткішерін қолданудың нәтижесінде 37 адамның өмірі сақталып қалды. Қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде өңірде тұрғын үй секторындағы өрт саны 12%-ға төмендеді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақта өрттің алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетінін айтты. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, адамдардың қаза табу фактілері қабылданып жатқан шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сәйкесінше осы профилактикалық жұмыстарды тиісінше ұйымдастырмағаны және жеткілікті бақылау жүргізбегені үшін лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
«Қосымша бүгінде профилактикалық іс-шаралармен 27 мыңнан астам тұрғын үй мен аула қамтылып, 70 мың тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы жылыту маусымында, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар тұратын, пешпен жылытылатын 2 758 тұрғын үй есепке алынды. Аталған үйлердің барлығы, яғни 100%, улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған. Соңғы 5 жылда 17 мыңнан астам датчик орнатылды. Олардың уақтылы іске қосылуының арқасында 42 адамның өмірін сақтап қала алдық.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында жалғыз тұратын қарт азаматтар мен көпбалалы отбасыларға түтін мұржаларын тазалау және пеш жабдықтарын жөндеуге көмек көрсетілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында халықтың өрт қауіпсіздігі шаралары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған материалдар тұрақты түрде жарияланып отырады. Барлығы 2,5 мыңға жуық материал жарияланды. Өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда», — деді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы 3 жылда 9 млрд теңге сомасына 114 бірлік арнайы техника сатып алынды. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы бойынша 21 өрт сөндіру пункті ашылды. Жыл соңына дейн қосымша 16 пункт ашылады. Алтай ауданында әмбебап өрт сөндіру депосының құрылысы, Өскемен қаласының әуежайында авиациялық техникаға арналған ангар құрылысы жалғасуда. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған.
#Жылу беру маусымы #Энергетика #Үкімет отырысы #ӨңірлерҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу