6 қазан күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды. Бүгінде 11 өңірде жылу беріле бастады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы, жылу көздеріндегі отын қоры, сондай-ақ жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуы туралы баяндады.
Үкімет отырысында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру барысы қаралды. Стратегияны жүзеге асырудың негізгі бағыттары бойынша Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жекелеген салаларды цифрландыру мәселелері бойынша энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.
«Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру аясында 2029 жылға дейін елімізде жасанды интеллект қолданылатын цифрлық бастамаларды мониторинг жүргізудің бірыңғай тұтас жүйесі қалыптастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру аясында Министрлік геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған бағыттар бойынша 2028 жылға дейін нақты көрсеткіштер белгіленді. Геологиялық барлауға тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру көзделуде. Өнеркәсіпте еңбек өнімділігінің жыл сайынғы өсімін 7%-ға жеткізу, роботтандыруды дамыту, кемінде 5 отандық интегратор мен 3 құзырет орталығын құру міндеті қойылды. Құрылыс саласында жаңа техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдануды кезең-кезеңімен 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Digital Qazaqstan 2026» стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенінде цифрландырудың алты бағыты жүзеге асырылуда. Аталған бағыттар негізінде «Digital Agro» бірыңғай платформасын құру көзделген. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Министрдің мәліметінше, Digital Қазақстан стратегиясын жүзеге асыру жоспарында жеке бағыт – «Агроөнеркәсіп кешенді цифрландыру» көзделген.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Digital Qazaqstan» стратегиясы шеңберінде цифрлық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Министрдің сөзінше, басты міндет – жүктерді тиімді тасымалдау, жолдарды сақтау және азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын қысқарту. Ол «7-ші бағыт» бойынша негізгі индикаторлар белгіленгенін атап өтті.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны бірыңғай цифрлық жүйеге көшіруде. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Оның айтуынша Smart Data Finance жүйесі арқылы 99 мың хабарлама жолданып, 2,9 млн транзиттік декларация ресімделген. Ол ең бастысы цифрландыру нақты қаржылық нәтиже беріп отырғанын, цифрландыру есебінен қосымша түсімдер 410 млрд теңгені құрағанын атап өтті.
Премьер-министр «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобалары шашыраңқы болмауына ерекше назар аударылды. Стратегияны жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаржылық және технологиялық ресурстар қажет. Бұл ретте олардың көптеген шашыраңқы бастамаларға тиімсіз бөлінуіне жол бермеу керек деп тапсырды Олжас Бектенов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз