8 қыркүйек күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің баяндамалары тыңдалды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы үш жылда жұмысшы біліктіліктері бойынша мемлекеттік тапсырыс 3,7%-ға өсіп, 131 мың орынға жеткен. Колледждерге қабылдау 5,8%-ға артып, 57,8 мың студентке артқан.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы баяндады. Министрдің айтуынша, ендігі міндет – жасанды интеллект, жаңа технологиялардың өзгеруіне қатысты еңбек функциялары, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету. Бұл міндетті Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып жатқан Ұлттық мамандықтарды трансформациялау орталығы атқаратын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, 2035 жылға дейін экономиканың кадрларға қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша - 1,8 млн адам. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасады. Осыған байланысты, ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда, бұл - инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, жаңа өндірістердің іске қосылуы, кәсіпорындардың технологиялық жаңаруы және құрылыс көлемінің өсуі жұмысшы кадрларына жаңа, әрі сапалы сұранысты қалыптастырып келеді. Осыған орай Министрлік Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау, олардың біліктілігін арттыру бағытында нақты жұмыс жүргізіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде ерте жастан кәсіби бағдар беру, яғни, «мектеп – колледж/жоғары оқу орны – кәсіпорын» үздіксіз тізбегін құруға және нақты өңірдің агросекторға деген қажеттіліктерін ескере отырып мамандар даярлауға мүмкіндік беретін агросыныптар құру маңызды бағыт саналатынын атап өтті. Оның айтуынша, осыған ұқсас тәсілдер әлемнің көптеген елдерінде жүзеге асырылуда, оның ішінде Ресей, Америка Құрама штаты, Германия және басқада елдерде қолданылады.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев соңғы жылдары көлік саласының дамуына байланысты салаға 57 мыңға жуық маман қажет деп мәлімдеді. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, пилоттар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары.
Премьер-министр мемлекеттік тапсырысты экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл ретте мамандарды даярлауды қаржыландыру түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне мониторинг жасаумен ұштасуы тиіс. Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін Олжас Бектенов жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру туралы міндет қойды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз