ҚР Үкіметінің отырысы, 09.06.2026

9 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары $2,9 млрд құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3  трлн теңгені құрап отыр. Саланың ел экономикасына қосқан үлесі – 5 трлн теңге.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін Министрлік негізгі туристік бағыттарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты. Биыл жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырым автожолда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылған. 

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов туризмді дамыту үшін шетелдік қонақтардың елге келуі мен Қазақстанда болуының жеңілдетілген тәртіптері қолданылады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда 105 елдің азаматтары елшіліктерге жүгінбей-ақ электрондық виза арқылы Қазақстанға кіре алады. Сонымен қатар IT-мамандарға арналған Digital Nomad Visa және туристерге арналған Neo Nomad Visa беру де ұйымдастырылған.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстан тауларында туристік маршруттарға цифрлық бақылау енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Министрліктің аумақтық бөлімшелерін туристердің өз жүру бағыттары туралы хабардар ету міндеті заңнамалық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар құтқару бөлімшелерінің дайындығын арттыруға арналған материалдық-техникалық базаны нығайту жалғасып жатыр.

Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар Премьер-министр әлемдік туристік индустрияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі ретінде экотуризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай $660 млрд-тан асуы мүмкін. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу