10 қараша күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Жылу беру маусымының барысы және жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, сондай-ақ өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, жылыту маусымы штаттық режимде өтуде, өңірлердегі барлық тұтынушы электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Биыл электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Электр және жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің деректері бойынша, биылғы 1 қазаннан бастап тұрғын үй секторында өрттер санының шамамен 12%-ға төмендеуі байқалады. Премьер-министр халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аударды. Өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайтыны атап өтілді. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуге, волонтерлер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыра түсуге тапсырма берілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз