19 Мамыр 2026, 16:47
19 мамыр күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, көлік вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел, сондай-ақ Air Astana, TransInfoTech компанияларының, Жалпы мақсаттағы авиация пилоттары қауымдастығының және Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдіктерінің басшылығы баяндама жасады.
Көлік министрінің айтуынша, 2025 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады, ал әуежайлар 32 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Сондай-ақ 173 мың тонна жүк өңделді. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы авиахабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта кадрлар даярлауды Азаматтық авиация академиясы жүзеге асырады. Соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артты. Егер 2022–2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылына 618 грант бөлінді.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойғанын атап өтті. Аталған мақсатқа жету үшін қолданыстағы әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық және халықаралық әуе компанияларына қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу