21 Сәуір 2026, 17:21
21 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Инклюзивті саясатты жүзеге асыру және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндама жасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, әлеуметтік қорғау саласын трансформациялаудың кешенді жұмысы жалғасуда. қызмет көрсетушілермен өзара іс-қимыл толықтай онлайн форматқа көшірілді, ал мүгедектікті сырттай-проактивті форматта белгілеу көрсеткіші 46%-ға жетті. 2026 жылы 34 мың инфрақұрылым нысанын бейімдеу және квота бойынша жұмысқа орналастырылған азаматтар санын екі есеге арттыру көзделген. Балаларды үйде оңалту шаралары да қамтылған.
Денсаулық сақтау министрі пренаталдық және балалар диагностикасы саласындағы жетістіктер туралы хабарлады. Жаңа туған нәрестелерді скринингпен қамту деңгейі 93%-ға жеткен. Онкоскринингтер МӘМС мәртебесіне қарамастан баршаға тегін болды, ал ауылдарда коронарография орталықтары ашылып жатыр.
Оқу-ағарту министрі педагог-ассистенттер институтын енгізу нәтижелерін таныстырды: соның арқасында мыңдаған бала мектептерде әлеуметтену мүмкіндігіне ие болды. Министр «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасының іске қосылатынын жариялап, кадр даярлау туралы айтты: қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам болашақ арнайы педагог білім алуда.
Көлік министрі теміржол көлігі саласында және авиация саласында қолжетімділік деңгейінің арттырылып жатқаны туралы баяндады. 2030 жылға қарай әрбір құрамда кем дегенде бір мамандандырылған вагон болады, ал әуежайларда амбулифттер саны арттырылады. Министрдің айтуынша, автовокзалдардың 80%-ы инклюзивтілік талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ теміржол билеттеріне 50% жеңілдік сақталады.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі жаңа Құрылыс кодексінде кедергісіз орта құру талабы жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде бекітілгенін хабарлады. Сондай-ақ ведомство кезекте тұрған ерекше қажеттіліктері бар 89 мың азаматты қолдау шараларын күшейтіп жатыр. Жеңілдетілген ипотека және тұрғын үй сертификаттарын беру тетіктері қарастырылған.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Олжас Бектенов негізгі басымдықтарды айқындады: қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыру және жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу