22 Шілде 2025, 15:00
22 шілде күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Қазақстанның тау-кен саласын дамыту және цифрландыру жөніндегі шаралар қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, сондай-ақ тау-кен өндіру секторы компанияларының басшылары баяндама жасады.
Вице-министр Олжас Сапарбековтың деректері бойынша ЖІӨ-дегі ТМК үлесі бүгінде 8%-ды құрайды, өнім көлемі 14 трлн теңгеден асады, ал салада 224 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылы салаға 1,7 трлн теңгеден астам инвестиция салынды және еңбек өнімділігі 9,4%-ға өсіп, бір қызметкерге $102 мыңды құрады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев есепті жылы азаматтар мен ұйымдарға тау-кен саласында 15 мемлекеттік қызмет қолжетімді болғанын, оның 14-і онлайн-форматта екенін баяндады. Бір жыл ішінде барлығы 979 млн қызмет көрсетілді, оның 919 млн-ы электронды түрде, бұл жалпы санның 87,6%-ын құрайды.
Отырыс барысында Премьер-министр биылдан бастап геологиялық барлау көлемін ұлғайту үшін қаржыландыру айтарлықтай ұлғаятынын атап өтті. Тиісті шешім қабылданды. Осы жылы ол кемінде 30 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың ақпараты бойынша, елімізде 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы іске асырылуда. Тікелей нәтиже ретінде – оң көші-қон сальдосы сақталады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов Үкімет отырысында шетелдік азаматтарға Қазақстанда қолайлы жағдайлар жасалғанын және олардың келуі мен болуы үшін рәсімдер жеңілдетілгенін баяндады. Визасыз тәртіп 87 мемлекеттің азаматтары үшін қолданылады, ал электрондық визаны рәсімдеу 107 ел үшін қолжетімді, бұл ретте 9 797 осындай виза берілген, бұл бюджетке баж түрінде 270 млн теңге кіріс кірді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында есепті жылы азаматтар мен ұйымдарға көші-қон саласында 23 мемлекеттік қызмет қолжетімді екенін, оның 13-і онлайн-форматта екенін баяндады. Барлығы бір жыл ішінде цифрлық түрде 2,4 млн қызмет көрсетілді.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, қатаң реттелетін көші-қон саясаты құрылуы тиіс екенін атап өтті. Нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізу, сондай-ақ көші-қон саласындағы мемлекеттік органдардың функционалдығын талдау қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу