ҚР Үкіметінің отырысы, 28.04.2026

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, Астық консорциумы және «Ascle» ІТ стартап басшылығы баяндама жасады.

Технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Геология саласында архив деректерін электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек цифрландырылды.  Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жасанды интеллектіні енгізу министрліктің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырылуда екенін айтты.

Экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге жоғары білім беру жүйесінің арнайы модельі қалыптастырылуда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында QS халықаралық агенттігімен бірлескен зерттеу қорытындылары және оқытудың жаңа стандарттары туралы хабарлады.

Көлік-логистика саласына ЖИ енгізу процестерді жеңілдетуге, шығындарды азайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Үкімет отырысында цифрлық жобаларды жүзеге асыру туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады. Баяндама барысында министр Smart Cargo – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін цифрлық платформа екенін, жүк туралы барлық мәліметтер QR-код арқылы қолжетімді болатынын атап өтті.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешені секторларындағы ЖИ жобалары туралы айтып берді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында министрлік отын-энергетика кешеніне жасанды интеллектіні енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта министрлік жаһандық вендорлар, салалық компаниялар және Жасанды интеллект шешімдері бар IT-компаниярдың қатысуымен AI-альянс құрды.

Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселелеріне және цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді жаппай енгізуге айрықша мән беретінін, бұл елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізуді мақсат етеді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу