ҚР Үкіметінің отырысы, 29.09.2026

29 қыркүйек күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.

  • Еліміздің алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі күн тәртібінен тыс қаралды. Онда әлеуметтік нысандарда жылуды уақтылы іске қосуға және энергия көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтауға назар аударылды. Премьер-министр Олжас Бектенов жекелеген облыстарда жылу беру маусымының басталуына санаулы күндер қалғанын атап өтіп, әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
  • Бұдан бөлек, Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндама жасады.
  • Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және қарқыны өткен жылдан жоғары. Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар дәнді дақыл немесе 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Жалпы айтқанда, дәнді дақылдардың жиынтық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжануда. Күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
  • Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың басынан бері министрлікке ведомстволық бағынысты «Қазгидромет» қызметі жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолданып келе жатқанын атап өтті. Бұл - WRF сандық моделі, Weather Research and Forecasting – ауа райын сандық болжау моделі. Бұл – ауа райын болжаудың сандық моделі, ол 2 және 6 шақырым кеңістіктікті қамти отырып, 48 сағатқа және 10 тәулікке дейін болжай алады. Аталған технологияларды қолдану агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдарды, сондай-ақ дауылды ескертулерді қоса алғанда, болжамдардың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және жалпы халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді.
  • Күзгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы шілдеде Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп осы жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығына арналған «2026 жылғы күзгі дала жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отынын жеткізу графигін» бекітті. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев баяндады. Вице-министрдің сөзінше қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынын жеткізу мемлекет ұсынған жеңілдетілген баға бойынша жүзеге асырылуда.
  • Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз логистика мен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады. Вице-министрдің мәліметінше биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна, ел ішінде 2,1 млн тонна тасымалданды. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37%-ға, Қытайға 34 %-ға өсті. Ресей порттары арқылы тасымал 9%-ға артты. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар өңделген өнім көлемі де өсіп келеді. Қоспа жем тасымалы 38%-ға өсіп, 2,6 млн тоннаға жетті. 
  • Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын, жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз етуді және егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек, Олжас Бектенов 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды. «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыру, әкімдіктерге минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу