Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №45

2020 жылғы 20-26 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Жұма күні, 24 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен осы жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Премьер-Министр 2019 жылы Үкімет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Nur Otan» партиясының 28 съезінде белгілеген міндеттерді орындауға және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған жұмысты атқарғанын атап өтті.

  • Дәл осы күні Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өтті. Қазақстан Президенті облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларына өңірлерді дамытудың өзекті мәселелерін жедел шешу жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.

  • Сейсенбі күні, 21 қаңтарда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты. Осы күні еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде жыл бойына өтетін мерекелік шаралар ресми түрде басталды.  

  • 21 қаңтарда Асқар Мамин Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі лауазымына ұсынған Әбілқайыр Сқақовтың кандидатурасы бірауыздан келісілді. Павлодар облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Премьер-Министр оның өңірлік және республикалық деңгейлердегі басшылық лауазымдардағы үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

  • 20 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен цифрлық экономика мен инновацияларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңеске қатысушылар инновациялық ортаны дамыту үшін басымдықты кластерлерді, технологиялық кәсіпкерлікті, венчурлық капитал нарығын институционалдық дамытуды қолдау шараларын, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру деңгейін арттыруды талқылады.

  • 26 қаңтарда Үкімет басшысы Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді. Орын алған жағдай мен әрекет ету шаралары туралы тиісті ведомстволардың басшылары баяндады. Асқар Мамин Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құруды қоса алғанда, кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды, комиссияға Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу