ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Павлодар облысының жаңа әкімі Ә. Сқақовты таныстырды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі лауазымына ұсынған Әбілқайыр Сқақовтың кандидатурасы бірауыздан келісілді.

Павлодар облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Премьер-Министр оның өңірлік және республикалық деңгейлердегі басшылық лауазымдардағы үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің индустриялық орталықтарының бірі – Павлодар облысының дамуына ерекше мән береді. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті үлкен, мұнда тау-кен металлургиясы кешені, металлургия және машина жасау саласы дамыған», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімдігінің алдында тұрған міндеттерді атап өтті, олар: экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, өмір сүру сапасын арттыру және халықтың табысын жақсарту.

«Әбілқайыр Бақтыбайұлының басшылық қызметтегі тәжірибесі мен білімі облыс активімен және мәслихат депутаттарымен бірге Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы шешуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді А. Мамин.

Кездесуде облыстың қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Нұрлан Нәбиев пен қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Александр Рюмкин сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған Ә. Сқақовтың кандидатурасына қолдау білдіріп, Павлодар облысының жаңа әкіміне табысты әрі нәтижелі жұмыс атқаруды тіледі.

Ә. Сқақов 1974 жылы 9 шілдеде Павлодар облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын «қаржы» мамандығы бойынша, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «экономика және қаржы» мамандығы бойынша, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «құқықтану» мамандығы бойынша және М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1995-2006 жылдары Павлодар облысы бойынша салық комитетінің жүйесінде жұмыс істеген, жанама салықтар бөлімінің маманынан Павлодар облысы Қашыр ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілген. 2006-2008 жылдары Павлодар облысының денсаулық сақтау департаменті директорының экономика жөніндегі орынбасары, 2008-2010 жылдары Павлодар облысы бойынша салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының басшысы болды.

2010 жылдың қазан айынан 2012 жылдың мамыр айына дейін Қостанай облысы бойынша салық департаментін басқарды, 2012-2014 жылдары Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дамыту және жаңғырту департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

2014 жылғы қарашадан 2016 жылғы желтоқсанға дейін Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне басшылық етті, 2016 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы сәуірге дейін қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында қызмет етті.

2019 жылғы сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу