ЖСН бойынша сәйкестендіру және жаңа бағдарлама: Қ. Қасымов ұялы телефондар ұрлығының жолын кесу шаралары туралы айтып берді

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, ұялы телефондар ұрлығының жолын кесуге бағытталған Қазақстандағы жаңа бағдарлама туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, елімздің бірнеше өңірінде — Алматы, Астана қалаларында, Павлодар, Қарағанды облыстарында сауда орталықтары мен базарларға тексерулер жүргізіліп, ұрланған заттардың сатылуына қатысты проблеманың бар екені расталды.

«Ұрланған заттар сатылған. Көбі сауда орындарында құжаттары жоқ телефондар мен оның бөлшектерін сатқан. Бүгін Алматы қ. әкімі бір базардың жабылғанын айтты. Осындай базарларға, сауда орталықтары мен дүңгіршектердің иелеріне қатысты барлық шаралар қабылдануы тиіс», — деді Қ. Қасымов.

Атап айтқанда, ұялы телефондар бойынша қазір сәйкестендіру шаралары қабылданатын болады. Нәтижесінде Қазақстанда ЖСН мен төлқұжат деректерін енгізбей ұрланған телефонды қосу мүмкін болмай қалады.

Қ. Қасымовтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда ұрланған телефондардың 85-87% қосылады. Бұл телефондарды реттеуге қатысты тиісті тәртіптің жоқтығынан. Жүргізілген сараптаулар олардың аз бөлігі ҚХР, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға әкетілетінін көрсетті.

Қ. Қасымов сонымен қатар ұрланған телефондарды ел аумағынан шығару превенциялары бойынша жоспарлары туралы айтты.

«Енді ұрланған телефондар шетелдерде сатылады. Біз бұл жұмысты білеміз, жүргізіп отырмыз. Қазір алдын-алу шараларын қабылдап жатырмыз. Біз қай жерде, қай елде біздің елде ұрланған телефон қосылып, жұмыс істеп тұрғанын көрсететін бағдарламаны іске қосатын боламыз», — деді министр.

Қ. Қасымов айтып өткендей, бағдарлама пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Оның ерекшелігі, басқа мемлекеттермен өзара әрекеттестікте жұмыс істейтіндігінде.

Еске салайық, бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жергілікті полицияның өңірлердегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс тиімділігі мәселесі қарастырылды.

Биыл 12 шілдеде ішкі істер органдарының қызметтерін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. Заңмен ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып қайта құрылды, ал Жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен функцияларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамына енгізілді.

Енді әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері берілген. Сондай-ақ полиция департаменттерінің басшылары заңнамалық тұрғыда әкімдер мен халық алдында жылына бір реттен кем емес есеп беруге міндеттелген.

1/5
2/5
3/5
4/5
5/5
Читать на primeminister.kz

Рекомендуемые новости