Үкімет үйінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары жөніндегі Бас келісімге қол қойылды

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия отырысы өтті. 

 

Комиссия жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстан Еңбек конфедерациясының, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының басшылары, сондай-ақ селектор режимінде облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Отырыс барысында мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясаты және  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ҚР Президенті Н. Назарбаев жүктеген міндеттерге сәйкес еліміздің азаматтары үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша тараптардың келісілген позицияларын анықтайтын Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмыскерлер бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Бас келісім аясында қабылданған міндеттемелерді іске асыру бойынша Іс-шаралар жоспары (Жол картасы) қаралды және бекітілді.

Құжатқа әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның тараптары қол қойды: Үкіметтен – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев, жұмыскерлер бірлестіктерінен – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым және Қазақстан еңбек конфедерациясының бас хатшысы – М. Машкенов, жұмыс берушілер бірлестіктерінен – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қ. Байкенов, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан тауар өндірушілері және экспорттаушылар одағының президенті Н. Радостовец.

2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім экономиканы технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, халықты формалды және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, адами капитал сапасын, еңбек жағдайлары мен қорғауды жақсарту, сондай-ақ өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты болды.

Анықтама:  ҚР Еңбек кодексінің 152 бабына сәйкес республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері және республикалық кәсіби одақтар бірлестіктері арасында Бас келісім жасалады.

Бас келісім әр 3 жыл сайын жасалады. 2017 жылы 2015-2017 жылдарға арналған Бас келісімнің мерзімі аяқталды.

2015-2017 жылдарға арналған Бас келісімде қарастырылған шараларды іске асыру нәтижесінде жалпы әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында көрсеткіштер жақсарды.  

3 жылда еліміздің кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану 1,4% азайды. Еліміздің орта және ірі кәсіпорындарында ұжымдық-шарттық қатынастармен қамту 3,1% артты.

Еліміздің 1 400 астам кәсіпорны Халықаралық еңбек ұйымдары (OHSAS 18001, ХЕҚ-ЕҚБЖ) ұсынған қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізді.

12 мыңнан астам Өндірістік кеңестер құрылды, олардың құрамына бара-барлық негізде жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері кіреді.

1/6
2/6
3/6
4/6
5/6
6/6
Читать на primeminister.kz

Рекомендуемые новости