Visa Free және Open Sky —  туризмді табысты дамыту үшін не қажет екені туралы М. Мұрзамәдиевамен эксклюзивті сұхбатта

Қазақстанға туризмді табысты дамыту үшін не қажет және елдің туристік тартымдылығын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және көпеген басқа сұрақтарға жауап ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мұрзамәдиеваның PrimeMinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында толығырақ айтылған.

— Майнюра Саветқызы, Туризм индустриясы комитетінің құрылғанынан бері қандай істер атқарылғаны туралы айтып берсеңіз.

— 2017 жыл Қазақстан туризмін дамытудың бетбұрысты кезеңі болды. Жыл басында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Туризм индустриясы комитеті құрылды. Жаңартылған, өзектендірілген, туризм саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді және өткен жылдың маусым айында бұл тұжырымдама Үкімет қаулысымен бекітілді. Шілдеде «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы құрылды және жобалық басқару аясында туризм олимпиадалық жолға түсті деп айтқым келеді.

Сала алдында өте өршіл міндеттер тұр, бұл – туризмнің үлесін 2025 жылға қарай қазіргі 1%-дан 8%-ға дейін ұлғайту. Сондай-ақ, 2017 ж. 390 мыңнан 2025 жылға қарай 660 мың адамға дейін жұмысқа орналасуға жағдай жасау. Осыған байланысты өткен жылы бағдарламалық құжаттар бекітілді – Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамыту туралы Үкімет қаулысы, сондай-ақ Астананың жол картасы.

Қазіргі таңда біз туризм саласын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспарын әзірледік. Бұл жоспар қазір мемлекеттік органдардан келісім алу сатысында тұр.

Туризм Қазақстанда көптеген жылдар бойы дамып келеді, алайда биылғы жылы үлкен қозғалыс әкелді, оның одан әрі дамуына мықты серпін берді.

— Қазақстанның бай туристік әлеуеті бар болғанымен, туризмді дамытудың жеткіліксіздігі байқалады. Туризмнің тартымдылығын арттыру үшін не істеліп жатыр?

— Туризм – бұл кірісі жоғары әрі перспективалы сала, ол $800 млрд астам тікелей инвестиция тартады. Мемлекет басшысы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Президент Қазақстан халқына Жолдауында сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм перспективалық табыс көздерінің бірі екенін атап өтті. Мұндағы «месседж» әр өңірде ішкі және сырттан келушілер туризмін дамыту қажет, себебі туризм біздің экономикамыздың негізгі қозғаушы күші, драйвері болуы тиіс.

Туризмнің дамуына «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі үлкен серпіліс берді, ол елімізге миллиондаған туристерді тартты және еліміздің туристік имиджін көтерді. «Экспо» көрмесін табысты өткізу, ең алдымен, еліміздің көптеген туристер ағынын қабылдауға және сапалы туристік қызмет көрсетуге әзірлігін көрсетті.

Елімізде туризмді дамыту үшін арнайы «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы құрылды, мұнда туризм саласында бірнеше жылдар бойы жұмыс істеген талантты, жоғары кәсіби, білікті мамандар жиналған, және бұл науқан туристік өнімдерді ішкі және сыртқы нарықта ілгерілетуге, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды тартуға шақырады.

— Қазақстанға туристерді тарту үшін алдымен қандай мәселені шешуге тура келеді? Сіз АҚШ, Голландия, Норвегия секілді елдерде жұмыс істедіңіз, мүмкін солардың біреуінің тәжірибесін қабылдау қажет шығар, әлде бізде өзіміздің туризмді дамыту стратегиямыз бар ма?

— Туризмді табысты дамыту туралы айтар болсақ, онда алдымен екі мәселені шешіп алу қажет – бұл Visa Free және Open Sky.

Visa Free — бұл визасыз режим, біздің елде осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Бізде 63 елдің азаматтары үшін визасыз режим іске қосылған, біз өз тұжырымдамамызда target market белгілегендіктен, басымдықты аймақтар ретінде Қазақстаннан Ресейге, Қытайға, Үндістанға, Иранға, Парсы шығанағы елдеріне дейін 4-5 сағаттық радиуста орналасқан елдер кірді. Бүгінде біз осы елдердің туристеріне жағдай жасауға тырысып жатырмыз. «Экспо-2017» өткізу кезіндегі пилоттық жоба аясында ҚХР туристеріне арналған 72 сағаттық визасыз транзит іске қосылды. Алдын-ала есептеулер бойынша, шамамен үш айға жуық уақыт ішінде 4,5 мыңға жуық адам келіп, олардың әрқайсысы экономикаға $200-300 қалдырды, жалпы шамамен $1,5 млн. Қазіргі таңда ҚХР-ға осы транзитті биыл да ұзартуға тырысып жатырмыз, сондай-ақ, Үндістаннан келген туристерге де осындай визасыз транзит іске қосылды.

Open Sky – бұл «ашық аспан» режимі, «Экспо» кезінде осы режим жұмыс істеді. Қарапайым түсінік, мұнда әрбір халықаралық әуе тасымалдаушы, егер аптасына жеті күн астанаға ұшуға құқылы болса, бірақ мемлекет субсидияламайтын болса, бұл – «Open Sky». Экспо кезінде біздің әуе желілерімізге көптеген әуе жолдары: Финляндиядан, Польшадан, Мажарстаннан қосылды, және олар қазіргі уақытта да тасымал жасап жатыр, астанада олардың ұшып-қонуларына ешқандай шектеу жоқ, біз басқа өңірлер бойынша да жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз.

Осы екі жағдайды міндетті түрде қамтамасыз ету керек, содан кейін біз елімізде туризмді табысты дамытудың барлық мүмкіндіктері бар деп айта аламыз.

Халықаралық тәжірибе туралы айта келе, тұжырымдаманы әзірлеу кезінде біз АҚШ, Ұлыбритания, Түркия және БАӘ сияқты елдердің тәжірибесін зерттедік. Бұл елдерде туризмге өте көп көңіл бөлінеді, ал туризм осы елдердегі экономиканың маңызды және ең ірі секторы саналады. Мәселен, Түркия туралы айтсақ, мұнда ЖІӨ құрылымындағы туризмнің үлесі 12%, Испанияда – 9%, Ұлыбританияда – 9-8%, АҚШ туралы айтсақ, бұл елде ең көп көрікті жерлер мен музейлер бар. Шетелдік тәжірибе туралы айтқан кезде, біз өзіміз үшін пайдалы нәрсе алатынымыз анық, бірақ біз оны өз ерекшеліктерімізді, мәдениетімізді, тарихымызды және дәстүрлерімізді ескере отырып, дамытуға тырысамыз.

Миллиондаған туристер Нью-Йоркке барғысы келеді, бұл Big Apple City, әрине, алманың отаны қай жер екені тәжірибесіз туристке әрдайым қызық болады, алма отаны Алматыда, осылайша туристерді тарту үшін біз «Apple Fest», «Apple Blossom» алма ағашының гүлдеуі фестивалі секілді халықаралық шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.

Еуропада қызғалдақтардың отаны Қазақстан екенін естіген кезде көбісі таңқалады, бұл біздің Жамбыл облысы, біз бұл тақырыпты да қозғауды жоспарлап отырмыз, көптеген туристер елімізге келіп, осындай әдемі гүлдердің нағыз шыққан жерін көрулері керек.

Әрине, бұндай жерлер бізде баршылық, Қазақстанның солтүстігінде жылқы малы алғаш қолға үйретілген Ботай бар. Байқоңырда тұтас бір ғарыш индустриясы бар, киелі орындар бар, сондықтан да бізде мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар бар, барлығын дамып, туристік өнім ретінде көрсетіп, туристерді тарту керек.

— ҚР туризм саласын дамыту тұжырымдамасы туралы айта отырып, туризм саласындағы заңнаманы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы айтып беріңізші? Қандай өзгерістер болады?

— Тұжырымдама – іргелі, бағдарламалық құжат және құқықтық негіз – бұл туристік қызмет туралы заң. Ең алдымен, біз құрылған кезде барлық заңнамалық актілердің инвентаризациясын жүргізіп, ҚР заңнамалық актілеріне туристік қызмет туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы тұжырымдамасының жобасын әзірледік.

Біз мұны неліктен істейміз? Себебі, жаңа тұжырымдамада біз жаңа бағыттарды анықтадық: бұл – трофейлік-аң аулау туризмін, медициналық туризмді, спорт туризмін, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту. Сондықтан да туристік қызмет субъектілерін ұлғайту үшін заңға өзгерістер енгізу қажет. Біз сондай-ақ туризм индустриясының басымдықты болуын қалаймыз, инвестор келген кезде, ол Қазақстанда қандай артықшылықтар, жеңілдіктер бар екенін білуі тиіс.

Осыған байланысты бізде ҚТСТ (қоғамдық-туристік сарапшылар тобы) арнайы тобы бар. Қазіргі таңда біз жұртшылықпен, туристік қауымдастықтармен, туристік бизнеспен, депутаттармен, мемлекеттік органдармен келісім алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және біз заң жобасы жұмыстарының жоспарын бекіту үшін бұл тұжырымдаманың жобасын ақпан айында Әділет министрлігіне, Үкіметке наурызда, Парламентке мамыр айында ұсынамыз деп үміттенеміз.

— Ұлттық туристік өнімді ілгерілету туралы айтып берсеңіз, сырттан келушілер туризмін дамытуға, инвесторларды тартуға елдің тартымдылығын арттыру үшін қандай шаралар әзірленген?

 Қазақстанда туристік өнімді екі бағытта қалыптастыруды жоспарлап отырмыз: экотуризм және этнотуризм, және бұл үшін бізде барлық жағдайлар жасалған. Бізде бірегей табиғат бар: оңтүстікте тау шаңғысы туризмін дамытуға қажетті таулар бар, жағажай туризмін дамытуға қажетті Каспий ривьерасы, Қапшағай, Алакөл, Марқакөл сияқты керемет көлдер және ұлттық парктер бар.

Этно- және экотуризмді дамыту жағдайлық және ойын-сауық туризмін дамытуға ықпал ететін болады. Туризмнің осы түрлерін дамыту әлеуметтік аспектіге ие деуге болады, себебі жастар қалаға кетпей, ауылда қалғанды жөн санайтын болады, онда қолөнер бұйымдарының, кәдесый өнімдерінің өндірісі дамиды, қонақ үйлер жетілдіріледі, жастар тұрақты жұмыс орнын тауып, жергілікті гид-экскурсия жетекшісі секілді туған жерін жақсы біледі, және олар халықтың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді. Аталған бағыттар бойынша біз барлық өңірлермен тығыз жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

«Цифрлық Қазақстан» аясында бізде қазіргі уақытта «Цифрлық портал» жобасы пысықталын жатыр, ол – сізге ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін электрондық жүйе, және сіз үйде отырып-ақ билеттерге тапсырыс беріп, қонақүйлерді брондап, кері байланыс орната аласыз. Сондай-ақ, бұл  туристерге әдемі жерлерге бару үшін, көрнекті орындарға бағыт алу үшін оңай болады.

— Республиканың туристік нысандарында инфрақұрылым қалай дамып жатқанын айтып беріңізші. Щучинск – Бурабай курорттық аймағы, Алматы маңындағы тау шаңғысы аймағы секілді жобалардағы жағдай қалай және ШҚО-да туризмді дамытудың кластерлік бағдарламасының басты жоспары қандай?Жоспарда басқа қандай жобалар бар?

— Туризм саласын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әр өңірде белгілі бір өңірдің туризмін дамыту бойынша «жол картасы» әзірленіп жатыр. Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасы (ЩБКА) 34 шарадан тұрады. Ең алдымен, бұл ЩБКА туристік әлеуетін дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Алматы облысында тау шаңғысы туризмін дамытуға көптеген мүмкіндіктер бар. ШҚО – Алтайдың інжу-маржаны, бұл, әрине, Алакөл және Марқакөл көлдері, осы аймақтың әкімдігі өте белсенді жұмыстар жасауда. 2017 жылы осы көрікті жерлерге апаратын барлық жолдар қайта қалпына келтірілді және Алакөл көлінің жағалауы тазартылды. Осыған байланысты, Қазақстан азаматтарына қолайлы жағдайлар жасалды.

Бізде 2018 жылға арналған үлкен жоспарлар бар. Біз өсу нүктелерінің айналасындағы инфрақұрылымды дамыту үшін жүйелі түрде жұмыс істейміз және біз жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Биыл ұлттық парктердегі туризмді дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әсіресе Орман шаруашылығы комитетімен тығыз жұмыстар атқарамыз. Шетелде жұмыс істейтін «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы туристік өнімді дамытып, жеті халықаралық көрме, шетелдік журналистердің қатысуымен түрлі баспасөз турларын өткізуді жоспарлап отыр, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында іс-шаралар өткізіледі. Щучинск – Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау облысыннң туризмін, Алматы облысындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

Қорытындылай келе айтарым, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған барлық тапсырмаларын орындау аясында Комитет туризм саласында маңызды серпіліс жасап, туризм шын мәнінде экономика драйверіне айналып, әлемдік туризм картасында лайықты орын алуы үшін бар күш-жігерін жұмсайды.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Читать на primeminister.kz

Рекомендуемые новости