Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 18 сәуірдегі №385 қаулысы

«Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 
2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

Көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларында:

10-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Түгендеу карточкасының тақырыбы мүліктің кімге берілгені, мүлікті беру күні туралы мәліметтерді қамтиды. Мүлікті сатқан кезде түгендеу карточкасында бюджетпен немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорымен есеп айырысу мерзімдері, төлем құжатының (құжаттарының) нөмірі мен күні көрсетіледі.»;

20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«20. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiне немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына есептелінеді. Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың ресми бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы бюджет кiрiсiне немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынаесепке жатқызылады. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджетке немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынаесептеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.

Ақша түрiндегi мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және оның филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.

21. Мемлекеттік мүліктің құрамына түскен салымдар (депозиттер) сомасын банктер толық көлемде номиналды түрде бюджеттің кiрiсiне немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына  аударады.»;

33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«33. Сот мүліктің мемлекет меншігіне түсуіне негіз болған актінің күшін жойған (тиісті бөлігін өзгерткен) кезде уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүлікті заттай қайтаруды жүргізеді. Егер мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізілген жағдайда оның құнын өтеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес оны өткізуден алынған қаражат шегінде тиісті бюджет қаражаты немесе Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүргізіледі.

Залал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.»;

көрсетілген Қағидаларға 1 және 2-қосымшалар осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                        Ә. Смайылов

 

1-қосымша

2-қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу