28 Қаңтар 2025, 17:04
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларында:
2-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғынжай – коммуналдық тұрғын үй қорынан мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан осы мемлекеттік кәсіпорынның жұмыскерлеріне берілетін тұрғынжай;»;
2-тармақтың 8-1) тармақшасы алып тасталсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары мен судьялар мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттік сайланбалы қызметте болған мерзімін қоса алғанда) кемінде он жыл (жиынтығында) жұмыс істесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай:
1) ұйымның таратылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына;
2) одан әрі жұмыс істеуге кедергі келтіретін сырқатына;
3) зейнеткерлікке шығуына;
4) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы лауазымында болу мерзімінің аяқталуына байланысты негіздер бойынша тоқтатылса, жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, олар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.
Қызметтік тұрғынжай берілген жұмыскер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғынжай берілген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар қызметтік тұрғынжайда кемінде бес жыл тұрған болса, олар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.
2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтізбемен есептегенде он жыл және одан көп әскери қызметте болған әскери қызметшілер мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген қызметтік тұрғынжайды осы Қағидаларда көзделген шарттарда және тәртіппен (жабық және оқшауландырылған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан тұрғынжайларды қоспағанда) жекешелендіруге құқылы.
2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтізбемен есептегенде он бес жыл және одан көп әскери қызметте болған әскери қызметшілер күнтізбемен есептегенде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін тұрғынжайды жалдаушы Заңда көзделген шарттарда және осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.»;
10-тармақтың 1-1) және 8) тармақшалары алып тасталсын;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғынжайды ғана жекешелендіруге құқылы, мұның тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруге қатысы жоқ, бұл тетік азаматтың тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асыруын бас тарту үшін негіз болмайды.
Негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғынжайда елу пайыз немесе одан аз үлесінің болуы кейіннен оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асыруына кедергі болмайды.»;
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Тұрғынжайды жекешелендіру тәртібімен меншігіне алу үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 12 тамыздағы № 437 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде
№ 23983 болып тіркелген) бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалардың (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалар) талаптарына сәйкес құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына не «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынады.»;
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жекешелендіруден Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидаларда көрсетілген негіздер бойынша дәлелді бас тартады.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Тұрғынжайды жекешелендіретін азаматтар тұрғынжайдың құнын бөліп төлей алады.
Қалдық құны он бес миллион теңгеден аз тұрғынжай он жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.
Қалдық құны он бес миллион теңгеден асатын тұрғынжай он бес жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.
Тұрғынжайды жекешелендіретін азаматтар тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта белгіленген тұрғынжай құнының кемінде он пайызы мөлшерінде бастапқы жарна енгізеді.
Тұрғынжай құнын бөліп төлеу шарттары мен мерзімдері тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта көзделеді. Бөліп төлеуді ескергендегі төлемнің жалпы сомасы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарттың ажырамас қосымшасы болып табылатын тұрғынжайдың құнын төлеу графигінде көрсетіледі.»;
көрсетілген Қағидаларға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу