Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №941 Қаулысы

«Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы №891 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасынбекіту туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 891 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., №51, 691-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы»;

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:

2-тармақта:

5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«5) шетелдік сарапшы – сараптамалық қорытынды беретін, тиісті біліктілігі, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы(PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі, мамандығы бойынша кемінде 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС үшін тартылатын шетелдік сарапшы – Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын сарапшы, сондай-ақ шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген осы мемлекетте тұрақты тұру құқығына құжаты бар, мамандығы бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік ғылыми ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар, соңғы 5 (бес) жылда Web of Science халықаралық дерекқорының алғашқы екі квартиліне кіретін журналдарда кемінде төрт ғылыми мақала және (немесе) шолулар жариялаған және Web of Science және (немесе) Scopus халықаралық деректер базасына сәйкес соңғы 5 (бес) жылда кемінде бес Хирш индексі бар Қазақстан Республикасының азаматы.

Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдардың соңғы 5 (бес) жылда Web of Science дерекқорының Science Citation Index Expanded, Social Science Citation Index, Arts and Humanities Citation Index, Russian Science Citation Index  және (немесе) Emerging Sources Citation Index индекстелетін және (немесе) Scopus базасында СiteScore бойынша тағайындау сәтінде кемінде 35 (отыз бес) процентилі бар журналдарда кемінде екі мақаласы және (немесе) шолуы болуға тиіс. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдарға соңғы 5 (бес) жылда кемінде бес Хирш индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды;

6) қазақстандық сарапшы – сараптамалық қорытынды беретін, сондай-ақ тиісті біліктілігі, ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі және мамандығы бойынша кемінде 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар жеке тұлға. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС үшін тартылатын қазақстандық сарапшы – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген осы мемлекетте тұрақты тұру құқығына құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, оның ішінде шетелде уақытша жүрген немесе одан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде жүрген, соңғы 5 (бес) жылда Web of Science халықаралық дерекқорының алғашқы үш квартиліне кіретін журналдарда кемінде 2 (екі) ғылыми мақаласы және (немесе) шолуы және (немесе) Scopus Web of Science және Scopus халықаралық деректер базасына сәйкес соңғы 5(бес) жылда кемінде 3 (үш) Хирш индексі бар сарапшы.

Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдар соңғы 5 (бес) жылда Web of Science дерекқорының Science Citation Index Expanded, Social Science Citation Index, Arts and Humanities Citation Index, Russian Science Citation Index  және (немесе) Emerging Sources Citation Index Web of Science индекстелетін және (немесе) Scopus базасында СiteScore бойынша тағайындалу сәтінде кемінде 35 (отыз бес) процентилі бар журналда кемінде 1 (бір) мақала немесе шолу не білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган ұсынған басылымдарда кемінде 10 (он) мақала және (немесе) шолу жариялауға тиіс. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдарға соңғы 5 (бес) жылда кемінде үш Хирш индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды.

Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында маманданған, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын жобалармен жұмыс істеу үшін тиісті рұқсаты бар адамдарға жарияланымдардың және Хирш индексінің болуы жөніндегі талаптар қолданылмайды.

Гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды есептерге МҒТС жүргізуге тартылатын қазақстандық сарапшылар соңғы 5 (бес) жылда Web of Science дерекқорының Science Citation Index Expanded, Social Science Citation Index, Arts and Humanities Citation Index, Russian Science Citation Index  және (немесе) Emerging Sources Citation Index индекстелетін және (немесе)  Scopus базасында СiteScore бойынша тағайындалу сәтінде кемінде 25 (жиырма бес) процентилі бар журналда кемінде 1 (бір) мақала немесе шолу жариялауға тиіс. Бұл сарапшыларға Хирш индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды.»;

13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«13) шекті балл – ғылыми зерттеулерді гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі өтінімдер үшін кемінде 25 балл және ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ғылымның басым бағыты бойынша өтінімдер үшін кемінде 21 балл құрайтын МҒТС балы.»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Тапсырыс беруші заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес бюджет қаражаты есебінен гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілеріне және өзге МҒТС объектілеріне МҒТС жүргізуге өтінімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы №575 қаулысымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаларына5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұйымдастырушыға конкурсқа өтінімдер қабылдаудың соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жолдайды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ұсынылған МҒТС объектілері үшін тапсырыс беруші жүргізілетін ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі мониторингінің жетектеуші мәселелері мен индикаторларын көрсете отырып, қосымша бағалау өлшемшарттарының тізбесін де ұсынады.»;

мынадай мазмұндағы 10-1, 10-2 және 10-3-тармақтармен толықтырылсын:

«10-1. Өтінімдер тапсырыс берушіден түскен күннен бастап ұйымдастырушы оларды осыҚағидалардың мынадай талаптарының сақталуы тұрғысынан тексереді:

1) гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектісінде ЖТН болуы;

2) өтінімді ресімдеудің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес болуы;

3) талап етілген құжаттардың толық көлемде конкурстық құжаттама қосымшаларына сәйкес ұсынылуы;

4) плагиат фактілерінің болмауы;

5) МҒТС объектісі тақырыбының немесе мазмұнының МҒТС-ға бұрын ұсынылған, бірақ қаржыландыру мақұлданбаған не бір уақытта ұсынылған МҒТС объектілерімен қайталану фактілерінің болмауы;

6) гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысушының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісін аккредиттеу жөніндегі куәлігінің болуы;

7) этика және биоэтика мәселелері бойынша орталық немесе жергілікті комиссиялардың оң қорытындысының (адамдарға және жануарларға жүргізілетін биомедициналық зерттеулер үшін) болуы;

8) ғылыми жетекшінің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес болуы;

9) күтілетін нәтижелердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес болуы.

10-2. Өтінім түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұйымдастырушы осы Қағидалардың 10-1 тармағының 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін өтінімдерді алдын ала тексеру нәтижелері бойынша МҒТС жүргізбей өтінім берушіге қайтарады. 

Ұйымдастырушы осы Қағидалардың10-1-тармағының 1), 2), 3), 7) және 9) тармақшаларына сәйкес келмейтін өтінімдерді барлық ескертулерді көрсете отырып, ұйымдастырушының ақпараттық жүйесі арқылы өтінім берушіге пысықтауға жолдайды.

10-3. Ұйымдастырушы өтінімді пысықтауға жіберген күннен бастап 3(үш) жұмыс күні ішінде өтінім беруші қайта пысықталған өтінімді ұйымдастырушының ақпараттық жүйесі арқылы жолдайды.

Пысықталған өтінімдерді алған кезде ұйымдастырушы бұрын көрсетілген ескертулердің жойылуы және осы Қағидалардың 10-1-тармағының 1), 2), 3), 7) және 9) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізеді, ескертулер жойылмаған жағдайда пысықталған өтінімдерді алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінімді өтінім берушіге қайтарады.

Тапсырыс берушіден өтінімдер түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде ұйымдастырушы оларды тапсырыс берушіге қайтарады.

Тапсырыс беруші өтінімдерді өтінім берушіге қайтарады және олар ұйымдастырушыдан қайтарылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында қайтарылған өтінімдер тізбесін жариялайды.

Осы Қағидалардың 10-1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін өтінімдер тапсырыс берушіден өтінім түскен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні өткеннен кейін МҒТС жүргізуге жатады.»;

11-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3) мыналарды:

конкурс шеңберінде және конкурстық рәсімдерден тыс ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС жүргізу үшін шетелдік екі сарапшыны және қазақстандық бір сарапшыны (МҒТС объектісін зерттеу саласы бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін қазақстандық сарапшылар дәлелді себеппен болмаған жағдайда, үшінші шетелдік сарапшы тартылады);

ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру шеңберінде жобаның (жобалардың) қорытынды есебіне (есептеріне), бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша бағдарламалардың аралық және қорытынды есептеріне МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны не комиссиялық (кешенді) сараптама арқылы (есептерді зерттеу саласы бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір, не екі, не үш қазақстандық сарапшы дәлелді себеппен болмаған жағдайда, тиісінше бір, не екі, не үш шетелдік сарапшы тартылады);

ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алу үшін ұсынылған жұмыстарға МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны (ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алу үшін ұсынылған жұмыстарды зерттеу саласында осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін бір, не екі не, үш қазақстандық сарапшы дәлелді себеппен болмаған жағдайда, тиісінше бір, не екі, не үш шетелдік сарапшы тартылады);

Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік құпияларды құрайтын және қызмет бабында пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны іріктейді не комиссиялық және (немесе) кешенді сараптама арқылы;

ғылымның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы басым бағыты бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны не комиссиялық және (немесе) кешенді сараптама арқылы;

жобалар мен бағдарламаларды қаржыландырудың сұрау салынған көлемінің негізділігін бағалау үшін бір сарапшыны;

іске асыру мерзімі 12 (он екі) айдан аспайтын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларға МҒТС жүргізу үшін шетелдік бір сарапшыны;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, іске асыру мерзімі 12 (он екі) айдан аспайтын, ғылымның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы басым бағыты бойынша және (немесемемлекеттік құпияларды құрайтын) және қызмет бабында пайдалануға арналған мәліметтерді қамтитын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларға МҒТС жүргізу үшін қазақстандық бір сарапшыны іріктейді»;

13-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Сараптамалық қорытындыда сарапшы осы Қағидаларға 8-қосымшада көрсетілген аралық есептерге және ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылған жұмыстарға арналған сараптамалық бағалау жүйесіне сәйкес әрбір бағалау өлшемшарты бойынша балл қояды. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар бойынша қосымша бағалау өлшемшарттарын тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша ұйымдастырушы белгілейді.»;

14-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ тапсырыс берушінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілерінің МҒТС нәтижесі МҒТС сараптамалық қорытындысы болып табылады.»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: 

«15. Ұйымдастырушы өзінің интернет-ресурсында:

  1. мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы шеңберінде МҒТС өткеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілген конкурс шеңберінде МҒТС шекті балынан төмен балл алған МҒТС объектілері бойынша ЖТН, МҒТС қорытындысы негізіндегі қорытынды балдарды;
  2. мемлекеттік құпияларды құрайтын және қызмет бабында пайдалануға арналған мәліметтерден тұратын объектілерге МҒТС жүргізу үшін тартылған қазақстандық сарапшыларға қатысты ақпаратты қоспағанда, жыл сайын жылдың соңында ұйымдар мен елдер бойынша Хирш орташа индексін көрсете отырып, МҒТС жүргізу үшін тартылған қазақстандық және шетелдік сарапшыларды тарту туралы жалпы талдауды;
  3. МҒТС аяқталғаннан кейін ұйымдастырушының интернет-ресурсы арқылы ғылыми жетекшіге және өтініш берушіге жолданатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша МҒТС жүргізуге тартылған сарапшылардың Хирш индекстерін жариялайды.»;

17-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

«Сарапшы мынадай жағдайларда:

1) өтінімнің мақұлдануы немесе қабылданбауы нәтижесіне өзі жеке немесе қаржылық жағынан мүдделі болғанда;

2) соңғы бес жылдағы тең авторлықты, өтінімді дайындау кезінде тікелей қатысуды, зерттеу нәтижелері бойынша бірлескен жарияланымдарды жоспарлауды және осы нәтижелерді соңғы 5 (бес) жыл ішінде қолдануды қоса алғанда, ғылыми жобаның және (немесе) бағдарламаның орындаушысымен бірлескен жарияланымдары болғанда;

3) соңғы 5 (бес) жыл ішінде ғылыми жоба және (немесе) бағдарлама орындаушысына тікелей жетекшілік жасағанда, оған бағынысты болғанда немесе консультациялық қызметтер көрсеткенде;

4) ғылыми жоба және (немесе) бағдарлама орындаушысымен некеде (ерлі-зайыптылықта) немесе жақын туысы болып табылғанда;

5) ғылыми жоба және (немесе) бағдарлама орындаушысының ата-анасының, жұбайының (зайыбының) жақын туысы болып табылғанда;

6) ҰҒК мүшесі болып табылғанда;

7) жобаның немесе бағдарламаның ғылыми жетекшісінің диссертациялық жұмысының ғылыми жетекшісі болғанда;

8) жобаның немесе бағдарламаның ғылыми жетекшісі сарапшының диссертациялық жұмысының ғылыми жетекшісі болғанда, нақты ғылыми жобаға және (немесе) бағдарламаға МҒТС жүргізбейді.»;

көрсетілген Қағидаларға 3-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

көрсетілген Қағидаларға 4-қосымша осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

көрсетілген Қағидаларға 8-қосымшаның атауы мынадай редакцияда жазылсын:

«Аралық есептерге және Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылатын жұмыстарға арналған сараптамалық бағалау жүйесі».

2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі    А. Мамин

1 қосымша 

2 қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу