14 Шілде 2026, 16:00
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Онда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, сондай-ақ өңірлердің әкімдері баяндама жасады.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеп, 4,1% құрағанын атап өтті. Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынын 4%-дан 5,1%-ға дейін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталуда, онда көлем 3,5%-ға ұлғайды. Экономиканы дамытудың негізгі драйвері мұнай емес сектор болып қала береді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің кірісі 8,5 трлн теңгені немесе бекітілген жоспарға 100,6% сәйкес екенін баяндады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кірістер 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6%-ға өскен. Салық түсімдері 8,3 трлн теңге деңгейінде тіркелген, бұл жоспардың 100,3%-ы. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда салық түсімдерінің өсуі 29%-дан асты, яғни абсолюттік мәнде 1,9 трлн теңгеге ұлғайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында жиынтық көрсеткіші 9,8% болатын оң динамика байқалатынын атап өтті. Өндіріс көрсеткіштері машина жасауда, химия өнімдерін, құрылыс материалдарын, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде, жеңіл өнеркәсіпте және өңдеу өнеркәсібінің басқа салаларында өскен.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, азаматтық авиация саласында жалпы тасымал 6,5 есеге артты. Автомобиль транзитінде де оң динамика бар. 2020 жылдан бастап тасымалдау көлемі 3 есеге ұлғайды. Болжам бойынша теміржол саласы өнімінің көлемі 3,4 есеге артуы мүмкін. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,3 трлн теңгені құрайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 45,7 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,6%-ды құрағанын баяндады. Қазіргі уақытта ведомство ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндіру көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау туралы келіссөздер жүргізуде.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сауданың тұрақты өсімі қамтамасыз етілгенін хабарлады. Нақты көлем индексі – 105,7%. Сауда көлемі 36,2 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,3%-ға жоғары. Көтерме сауда 6,6%-ға, бөлшек сауда 3,8%-ға өсті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет елдің қарқынды дамуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жасалуда. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде орнықты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу жүзеге асырылуда. Экономиканы қарқынды әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен жоғары өнімді индустрияларды дамыту процестері іске қосылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу