ФОТОРЕПОРТАЖ: ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары

Ағымдағы жылғы 21 шілдеде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынды жобалық қуаттылығына шығару бойынша жұмыс кестесімен танысты.

Әлемдегі ең ірі Бозшакөл мыс кен орны Павлодар облысы Төрт-Құдық ауылына жақын жерде орналасқан. 2016 жылғы ақпанда мұнда бірінші мыс концентраты өндірілді.

«Kaz Minerals PLC» басқарма төрағасы О. Новачук 2017 жылы жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін Бозшакөл ТБК-да жыл сайын катодты эквивалентте 100 мың тонна мыс өндірілетінін баяндады.

Теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын «R.W.S. Wheelset» ЖШС зауытын аралау барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынды технологиялық жаңғырту барысымен танысты. Зауыт «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен республиканың вагон жөндеу кәсіпорындарын инновациялық технологиялар бойынша шығарылған, жүк вагондарына арналған теміржол біліктері мен қос дөңгелектермен қамтамасыз етеді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да теміржол біліктері мен қос дөңгелектерді 2020 жылға дейін жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшартқа қол қою туралы хаттамалық шешім қабылданды.

Технологиялық жаңғырту қарқындарымен танысуды ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жылдамдықты жылжымалы құрамдар үшін бағыттамалық бұрмалар мен теміржол дөңгелектерін шығарумен айналысатын «Проммашкомплект» ЖШС зауытында жалғастырды.

Содан кейін Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы мұнай өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ін аралады. Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ экспортқа өнім жеткізеді.   

Жаңғырту аяқталғаннан кейін ПМХЗ шығаратын жоғары октанды бензин көлемін 300 мың тоннаға арттырады, сондай-ақ халықаралық стандартты авиациялық отын өндірісі қамтамасыз етіледі.

«Атамекен» ҰКП-ның Павлодардағы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдің бизнес қауымдастығын толғандырған өзекті мәселелерді талқылады. Әңгіме қаржылық және заңнамалық сипаттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнес ортаны одан әрі жақсарту, сондай-ақ тексерістер мен талаптардың санын азайту және рұқсат пен анықтамалар беру үдерістерін оңтайландыру жөнінде өрбіді.

Кездесуде сөз сөйлеген «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев, өңірлік ҰКП мүшелері: «БОНА» ЖШС директоры Н. Ережепов, Павлодар инновациялық университетінің қаржы және даму жөніндегі вице-президенті Л. Фрезоргер, «Победа» ЖШС директоры А. Поляков, «ТПБ Агромир» ЖШС директоры Н. Поплавец, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры О. Крук, «Талапкер» ШҚ басшысы А. Бейсембинов, «СОМ-ПВ» ЖШС директоры А. Дяк, «Галицкое» ЖШС директоры А. Касицын жаңа жобаларға «Павлодар» АЭА салықтық жеңілдіктердің қолжетімділігі, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қаражаттардың қолжетімділігі, өндірушілердің бірыңғай тізімін қалыптастыру тақырыптарын қозғады.

Облыс кәсіпкерлерінің ұсыныстары мен сұрақтарына ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ҚР білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова түсініктеме беріп өтті.

Кездесу бірлескен суретке түсумен аяқталды. 

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңдеу өнеркәсібі - химия және мұнай-химия салаларындағы іске асырылып жатқан жобалармен танысты. 

АЭА-да іске асырылған жобалардың бірі - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қажеттіліктері үшін мұнай коксын қыздырумен айналысатын «УПНК-ПВ» ЖШС директоры Н. Әубәкіров кәсіпорында өнімділік пен өнім сапасын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар және инновациялық технологиялар қолданылатынын баяндады. 

«УПНК-ПВ» ЖШС басшылығы отандық нарықпен қатар өнімді Ресей Федерациясына және Қытайға экспортқа жіберу мүмкіндігін пысықтауда.

«Павлодар» АЭА аумағында іске асырылатын «Gissenhaus» ЖШС-нің қосындыланған алюминий өндіру бойынша жаңа жобасы туралы зауыт директоры Э. Шфец айтып берді. Жоба қуаты жылына 36 мың тонна қосындыланған алюминийді құрайды.

Келесі жүйе құраушы кәсіпорын - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да кәсіпорын директоры Р. Романов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа толық жобалық қуаттылыққа өткенін мәлімдеді. Кәсіпорында күйдірілген анодтың заманауи әрі экологиялық қауіпсіз прогрессивті технологиясы қолданылады.        

Павлодар облысының өнеркәсіптік маңызы бар нысандарды аралағаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев олардың басшыларымен кеңес өткізді. Кездесудің басты мақсаты - Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясындағы технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасу.

Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов ел Президенті Жолдауының өңірде іске асырылуы туралы, сонымен қатар өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу мен сервистік экономиканы дамыту шаралары туралы баяндады.

Заманауи технологиялық жабдықта жұмыс жасайтын мамандарды даярлау мәселелері бойынша ҚР білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова айтып берді.

Кәсіпорындарды одан әрі жаңғырту бойынша «Еуразия тобы» ЖШС басқарма төрағасы А. Қазтаев, «Kaz Minerals PLC»  басқарма төрағасы О. Новачук, «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры С. Раипов өз пайымдарымен бөлісті. Бұл мәселелерге ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек пен ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев түсініктеме беріп өтті.

Кәсіпорындардың басшылары әлемдік нарықтарда өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен өнеркәсіптік үдерістерді цифрландыру мен роботтандыру қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.

Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу барысымен және облыс орталығының инфрақұрылым нысандарын дамытумен танысты.  

«Сарыарқа», «Достық» шағын аудандары құрылысының бас жоспары бойынша жалпы 100 га-дан астам ауданда 400 мыңнан астам ш. м. тұрғын үй, 4 балабақша, мектеп, емхана және әлеуметтік және мәдени-спорттық мақсаттағы басқа да нысандар пайдалануға беріледі.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс орталығындағы инфрақұрылым нысандарын салу барысымен танысты және Ертіс өзенінің үстімен өтетін көпір өткеліне барды. Көпір еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған және «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу