Қазақстан инвестициялар тарту үшін аса басымдықты елдерді анықтады – ҚР ИДМ

Қазақстан аса басымдықты елдермен инвестициялар тарту бойынша кешенді және нақты жұмыс жүргізеді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Жеңіс Қасымбек бүгінгі таңда Ұлттық инвестициялық стратегия аясында шетелдік инвестициялар тарту мәселелерінде белсенді ынтымақтастық жүргізу жоспарланған басымдықты елдер анықталғанын жеткізді.

«36 ел – бұл бірінші топ, олардың ішінен осы бағытта бірге жұмыс жасауды жоспарлап отырған аса басымдықты 11 елді анықтаймыз. 11 – бұл экономикамыздың негізгі инвесторлары. Тәуелсіздігіміздің 25 жылы бұл елдің көбіне Қазақстанға инвестиция салатынын көрсетті. Түптеп келгенде, олар жалпы әлем бойынша негізгі инвесторлар болып табылады. Олардың ішінде, Германия мен Франция сияқты еуропалық елдер, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да бірқатар елдер бар», – деді Ж. Қасымбек.

Ол бұл мемлекеттермен нақты жұмыс жүргізілетінін атап өтті, атап айтқанда қазірдің өзінде Kazakh Invest компаниясының онда нақты жобалар мен қорлар бойынша нүктелі жұмыс жасайтын өз өкілдері бар. Бұдан өзге, бұл елдерде әр елшіліктің жанында инвестициялар тарту мәселелерімен айналысатын елшінің арнайы кеңесшісі бір жыл бойы жұмыс істеп келеді.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу