А. Мырзахметов Қостанайда солтүстік өңірдің егіс жинауға дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Онда астық жинау науқанына дайындық пен ауыл шаруашылығының шағын механизациясын дамыту бойынша кеңес өткізді.

Шараға  Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы әкім орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, аграрлық сала ғалымдары мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қатысты.

ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов шара қатысушыларын биылғы жылдың егіс жинау жұмыстарына дайындық барысы туралы ақпараттандырды. Ол биыл егіс алқабы 22,1 млн гектарды құрайтынын, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 651 мың гектарға көп екенін мәлімдеді. 

«Биылғы жылы АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында егістік алаңдарын әртараптандыру жұмыстары басталды. Әртараптандыру саясаты басымдықты дақылдар өндірісін субсидиялау механизмін өзгертуге оң ықпал етті», - деді Қ. Айтуғанов.

Қабылданған шешімдердің нәтижесінде 2017 жылы сапалы тұқым егу 1,5 есеге ұлғайды. Бірегей тұқымды пайдалану 68%-ға өсті, ал нашар тұқымды пайдалану көлемі 1,6 есеге қысқарды. Сондай-ақ жерді тыңайту тетігі де өзгерді. Бұл фермерлерге жер тыңайтқыштарын шыққан еліне қарамастан, сапасы мен бағасына қарай таңдауға және пайдаланылатын тыңайтқыштардың түрлерін көбейуге мүмкіндік туғызды.  

Бұдан бөлек, егіннің фитосанитарлық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл дәнді-дақылдар ауруына қарсы өңдеу шаралары жүргізілді. Жалпы алғанда республика бойынша биыл масақты дақылдар орташа есеппен гектарына 12,6 ц жетеді деп болжануда, ал астықтың жалпы жиыны 19,2 млн тоннаны құрайды.

Осы жылғы күзгі егіс алқаптары жұмысы үшін республика бойынша қажетті дизельдік отын көлемі 393,9 мың тонна деп анықталып отыр. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстанда астық жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылғы 15-тамыздағы есеп бойынша 38% алқап жиналды, бастырылған астықтың алғашқы салмағы 1,7 млн тонна болды, орташа өнімділігі гектарына 20,2 ц құрады.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімдеріне ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржылық және тауарлық-материалдық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерінде көмек көрсету шараларын қабылдау, сондай-ақ, астық жинау жұмыстарына техниканы уақытылы дайындау, шаруашылық субъектілеріндегі элеваторлық-қоймалық сыйымдылықты және тоқ шаруашылығындағы дайындықты аяқтау тапсырылды.

Бұдан өзге, жұмыс сапары аясында А. Мырзахметов «Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында» болып, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңа түрлерімен танысты.

Ол осы жылдан бастап «ҚазАгро» ҰБХ АҚ желісі бойынша отандық өндірушілерден аспалы-тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алу үшін жеңілдетілген несие бағдарламасы іске асырылатынын атап өтті (шағын механикаландыру). Бұл мақсатқа 5,5 % мөлшерлемемен 5 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу