2017 жылы Атырау облысында сұранысқа ие мамандар даярлауды қаржыландыру артты — Н. Ноғаев

Қазіргі таңда Атырау облысының әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарының арасынан 222 студентті өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуға 106 млн теңге бөлген. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев хабарлады.

«Осы жылы Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдар өз өңірлеріне қажетті мамандықтар бойынша студенттерді оқытуға қаржы бөлуге мүмкіндік берілетін заңға қол қойды. Осыған орай, біз 222 студентті оқытуға 106 млн теңге бөлдік», — деді Нұрлан Ноғаев.

Жалпы гранттардың жүз жетпіс сегізі — педагогика саласында бакалавриат мамандықтары бойынша мамандарды даярлауға, отыз бес грант — ҚР медициналық білім беру және ғылым ұйымдарына мамандарды даярлауға және тоғызы ауыл шаруашылығы мамандарын оқытуға бөлінді.

Осылайша, болашақ дәрігерлер М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне және С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне жіберілді. Педагогтердің М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде және Х. Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде даярлау туралы шешім қабылданды. Болашақ мал дәрігерлері бүгінде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы университетінде білім алып жатыр.  

«Бұдан өзге, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың инфрақұрылымды дамытуға бөлген қаражаттарынан біз қосымша 29 дәрігерді дайындауға қаржы бөлдік», — деп сөзін қорытындылады Атырау облысының әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу